СҚО-да үш күнде пәтер ұрлығына қатысты 20-дан астам қылмыс ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары пәтер ұрлықтарының алдын алу мақсатында үш күндік жедел-профилактикалық шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, операция барысында жедел ақпаратты тексеру, ұрлық жасаған күдіктілерді іздестіру, бұрын жасалған қылмыстарды ашу бойынша жұмыстар жандандырылды. Нәтижесінде 23 пәтер ұрлығы ашылды. Олардың 8-і - «өткен жылдар» санатындағы қылмыстар.

"Ірі көлемде ұрлық жасады" деген күдікпен 42 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол бұрын пәтер тонағаны үшін істі болған екен. Үй иелерінің болмағанын пайдаланып, пластик терезелерді бұзып ішке кірген ұры 1,5 млн теңгенің мүлкін қолды еткен.

Күдіктінің айтуынша, шкафтан қаракүзен ішік пен бөрікті алып жатқан кезде жоғарыдан қорапша құлаған. Оның ішінде алтын алқа мен сақина болған.

Күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ұрланған мүлік алынды. Кейін тергеу әрекеттері аяқталған соң бұйымдар иелеріне қайтарылады.

Криминалдық полиция басқармасы мамандарының айтуынша, облыс аумағында өткен «Пәтер» жедел-профлактикалық іс-шарасы аясында 16 жедел-іздестіру тобы құрылып, ұрланған мүліктің сатып алынуы және сатылуы мүмкін ықтимал орындар тексерілген.

"Солтүстік Қазақстан облысы аумағында жыл басынан 256 пәтер ұрлығы тіркелді. Былтыр осы аралықта 299 дерек тіркелген еді. Өткен жылмен салыстырғанда 14,7%-ға азайды", - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Мадияр Харипов.

Полицейлердің айтуынша, ұрылардан қорғану үшін пәтерлерді, үйлерді орталықтандырылған бақылау пультіне қосу арқылы жеке күзет ұйымдарының бақылауына берген дұрыс. Үйлердің кіреберістеріне орнатылған бейнебақылау камералары да қылмыстардың азаюына ықпал етеді екен.

Соңғы жаңалықтар