СҚО-да үш күнде 371 қаңғыбас анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қаңғыбас» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тұрақты мекенжайы жоқ 371 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының 45 жастағы тұрғыны 1971 жылғы ағасының үйінен кетіп қалып, бүгінгі күнге дейін оралмағаны жайлы полицейлерге хабарлаған. Әйелдің айтуынша, ағасы жеке тұрған. Аптасына бір рет үйіне барып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған. Көршілері ер адамды үш күннен бері көрмеген. Айтуларынша, ол спирттік ішімдік ішкенімен, бұрын үйінен кетпеген.

Жоғалған адамды іздеуге барлық жеке құрам жұмылдырылған, фотобағдарлар облыстың барлық полиция бөліністеріне жіберілді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде іздеу жарияланды. Іс-шара барысында оның жүруі мүмкін аудандар, теміржол және автовокзал, медициналық мекемелер, бейімдеу орталығы тексеріліп, тұрақты мекенжайы жоқ адамдардан жауап алынды. «Қаңғыбас» операциясы барысында із-түзсіз жоғалған адам Жамбыл ауданынан табылды. Ол туыстарын ескертпестен табыс табуға кеткен.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қаңғыбас» жедел-профилактикалық іс-шарасы 14-16 қазан аралығында өтіп жатыр. Операция барысында полицейлер үй-күйсіз жүрген адамдардың жиналатын жерлері - саяжай алқаптарын, қараусыз қалған ғимараттарды, үйлердің шатырларын, кәріз құдықтарын, қоқыс төгетін орындарды тексерді.

«Операция барысында тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды анықтап, оларды қабылдап-тарату орнына жеткізу, криминалистикалық, жедел-анықтамалық есепке қою, сондай-ақ қылмыскерлерді ұстау, із-түссіз жоғалғандары анықтау мен іздеу және танылмаған мәйіттердің жеке тұлғасын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Іс-шара басталғалы полицияға тұрақты мекенжайы жоқ 371 адам жеткізілді. Олардың барлығы фотосуретке түсіріліп, бейнежазбаға жазылып, дактилоскопиялық есепке алынды», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

«Қаңғыбас» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер үй-күйсіздер жасаған 3 қылмыстың бетін ашты. 4 қылмыскер ұсталып, жоғалған 3 адамның қайда екендігі анықталды.


Соңғы жаңалықтар