СҚО-да үш күн ішінде 258 шетелдік көші-қон ережесін бұзған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-ның көші-қон полицейлері үш күн ішінде ереже бұзған 258 шетелдікті анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде «Заңсыз келуші-2019» республикалық жедел-алдын алу іс шарасының алғашқы кезеңі өтті. Тәртіп сақшылары операция барысында транзиттік ағынды тексерді, шетелдіктер арасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтады.

СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбіловтің айтуынша, жедел-профилактикалық іс-шараның мақсаты құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар шетелдіктерге жан-жақты көмек көрсету.

Осылайша Қазақстан Республикасының аумағында тұрып, көші-қон заңнамасын бұзған Түркия елінің 29 жастағы азаматына көмек берілді. Оның құжаттары дұрыс болмай, еліне қайта алмаған. Көші-қон қызметі басқармасында бұл азаматқа құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, жан-жақты көмек көрсетілді. Ел аумағында тұрып, құжаттарын тиісті түрде ресімдемегені үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан соң оған отанына қайту үшін қажетті құжаттарды ресімдеуде көмек берілді.

СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, рейд кезінде көші-қон қызметінің қызметкерлері базарлар мен сапаржайларды ғана емес, олар жұмыс істейтін құрылыс нысандары мен облыс арқылы өтетін шетелдік меймандардың топтасып тұрып жатқан орындарын тексерді.

Облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері айтып өткендей, үш күнде Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 258 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соттардың қаулыларына сәйкес олардың 12-сі ел аумағынан шығарылды. 75 шетелдікке қатысты олардың уақытша болу мерзімдерін қысқарту туралы шешім қабылданды. Шақырылған шетелдіктер болу ережелерінің бекітілген тәртібін бұзғаны үшін Қазақстанның 54 азаматы әкімшілік жауапқа тартылды.

«Заңсыз келуші-2019» республикалық операциясының алғашқы кезеңі сәуірдің 12-сі күні аяқталды.

Соңғы жаңалықтар