СҚО-да ұн экспорты неліктен төмендеп кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында ұн өндірісі төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық әкімдіктің отырысында өңірдің соңғы сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің дерегінше, Мамлүт ауданында өнеркәсіптік өндіріс көлемі Мамлүт ұн тарту комбинатындағы ұн өндірісінің азаюы салдарынан үш есеге төмендеген. Айыртау ауданында да ұн өндірісі азайғаны сөз болды.

Мамлүт аудандық әкімдігінің дерегінше, былтыр 8 айда 10 мың тонна ұн алынса, биыл оның көлемі бар-жоғы бес мың тонна ғана. Оның себебін жергілікті органдар Өзбекстан және Тәжікстанмен келісім болмауымен түсіндіруде. Қазір ұн тек Ауғанстанға экспортталып жатыр, Қытаймен ынтымақтастық енді қаралу үстінде.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл мәселе тиімсіз менеджмент салдарынан болып отырғанын атап өтті.

«Мамлүт ұн тарту комбинаты былтыр да ойдағы көлемге жете алмаған еді. Экспорт жоқ деп жатыр. Біздегі бірнеше кәсіпорын экспорттың жоқтығына шағымданып отыр. Өзбекстан, Тәжікстан нарығы жоқ. Бірақ, Қытайға жол ашылып жатыр. Онда астық, ұн жіберіп жатырмыз. Сәйкес келісімдер бар. Мүмкін, басты мәселе осы кәсіпорындардың менеджментінде шығар? Аталған кәсіпорын басшыларына жаңа нарық іздеу қажет, ал біз көмектесуіміз керек. Сатып алушыларды тауып, қандай нарық және қандай баға барын көрсетіңдер. Бұл процеске араласуымыз керек, себебі Мамлүт және Темірязов аудандары жылдар бойы ұн экспорты мәселесін көтеріп келеді», - деді Қ.Ақсақалов. 

Соңғы жаңалықтар