СҚО-да ұлттық санақтың бірінші кезеңін өткізуге 246 адам тартылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бүгіннен бастап ұлттық санақтың бірінші кезеңі басталды. Бір айдың ішінде интервьюерлер өңірдегі барлық тұрғын үй және басқа да нысандарды аралап шығуы қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу іс-жоспарына сәйкес, бүгіннен бастап СҚО-да науқанның бірінші – дайындық кезеңі басталды.

Облыстық Статистика департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы ұлттық халық санағының ерекшелігі – қазіргі заманғы технологиялардың қолданылуы. Планшетте жұмыс істейтін арнайы «Аудандастыру» деген ақпараттық модуль әзірленген. Оған барлық тұрғын, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайлары қамтылған «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі негізге алынды.

«Ұлттық санақтың бірінші кезеңінде әр интервьюер өзіне бекітілген учаскені аралап, ондағы тұрғын үйлердің, басқа да нысандардың тізімін құрастырып, әрбірінде тұрақты тұратын адам санын нақтылайды. Картографиялық материалға қажетті өзгерістер енгізуі тиіс. Санақ нысандары бойынша деректерді маман планшет арқылы электронды базаға енгізеді. Бұл мәлімет санақтың екінші кезеңін өткізуде интервьюерлерге жүктеме нормаларына сәйкес халық санын бірқалыпты бөлу үшін және жалпы халықтың толық есепке алынуын қамтамасыз ету үшін негіз болады», - дейді статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен жұмыс басқармасының бас маманы Әлия Арғымбаева.

2-ші кезең 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында on-line режимінде өткізілмек. Жоспар бойынша бұл кезде облыстың әр тұрғыны өз бетінше sanaq.gov.kz сайтында өзі үшін, сондай-ақ отбасының барлық мүшелері үшін сауалнамадан өтеді. Оны мобильді телефон, дербес компьютер, планшет арқылы өтуге болады, сауалнама аяқталысымен әрбір отбасы мүшесіне SMS хабарлама келеді, оны сақтау қажет. Кейін 1-30 қазан аралығында халықты жаппай аралау өтеді. Санақтан онлайн өтпегендерге интервьюерлер көмектеседі.

«Халық санағының интервьюерінде Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мөрімен куәландырылған интервьюер куәлігі, мойынорауыш және халық санағының логотипі бейнеленген көк түсті портфель болады. СҚО-да ұлттық санақты өткізу үшін 3 адамнан тұратын бөлім құрылған және еңбек шарты бойынша санақ жөніндегі 47 уәкіл қабылданған», - дейді Әлия Арғымбаева.

Бұдан басқа СҚО-да ұлттық санақтың бірінші кезеңін өткізуге 246 нұсқаушы-бақылаушы мен интервьюер қабылданған. Олардың әрқайсысы орта есеппен 1 200 үйді және өз учаскесіндегі басқа да нысанды аралап шығуы тиіс. Бұл қызметкерлерге 83 мың теңге еңбекақы төленбек.

Екінші кезеңді өткізуге қосымша 742 адамды тарту жоспарланған. 2 кезеңде бір интервьюер 833 адамды тіркеуі қажет болады.


Соңғы жаңалықтар