СҚО-да «Уақытша отбасы» пилоттық жобасы тиімділігін көрсетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында биыл қолға алынған «Уақытша отбасы» пилоттық жобасы жаңа оқу жылында жалғасын табады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында «Уақытша отбасы» жобасының барысы талқыға түсті.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, өңірде 485 білім ошағы болса, соның 78 % шағын мектептер. 229 елді мекенде оқу орындары мүлде жоқ. Балалар көрші ауылдарға барып-келіп оқуға не интернатта жатып білім алуға мәжбүр. Осы мәселені шешу үшін өңірде «Уақытша отбасы» жобасы қолға алынды.

«Уақытша отбасы» тек СҚО-да ғана жүзеге асып жатқан тәжірибелік жоба. Мектебі жоқ ауылдың оқушысын басқа елді мекендегі отбасы уақытша қолына алады. Олар бала үшін жауап береді, тәрбиелейді. Нәтижесінде оқушылардың мектепке бармау, ауырып қалу жағдайлары бірнеше есе азайды. Балалардың оқуы түзелді», - дейді басқарма жетекшісі Гүлмира Кәрімова.

Жоба облыстың үш ауданында жүргізілді. 61 бала 54 отбасыға орналастырылды. Мәселен, М.Жұмабаев ауданында 15 отбасы 17 баланы қабылдаса, соның 13-інде олар оқушылардың туыстары.

Мамандардың айтуынша, «Уақытша отбасы» жобасы аясында баланы қамқорлығына алған үйелменге ай сайын жәрдемақы төленеді.

«Тұрғыны аз шағын ауылдар уақыт өте келе жабылады. Сол себепті ондағы балаларға осы бастан жақсы жағдай жасауымыз керек. Уақытша ата-аналар еңбекақы алады. Біз бұл жоба жайында балалардың, әке-шешелерінің пікірін білдік. Бәрі жақсы бағасын беруде. Әрине, интернатқа қарағанда өте тиімді. Отбасында өсіп, жақсы тәлім-тәрбие алады, үнемі ересектердің көз алдында болады», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі жаңа оқу жылында «Уақытша отбасы» жобасына қатысушылардың саны екі есеге артатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар