СҚО-да тыныштықты бұзған 750-ден астам адам жазаланды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында түнгі уақытта жұрттың мазасын алғандарға айыппұл салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тек бір түннің ішінде «102» арнасына сағат 23.00-ден кейін тыныштықты бұзу бойынша 8 шақырту түскен.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, тұрғындардың барлығы бірдей қасақана көршілерінің мазасын алады деп есептеуге болмайды. Мәселен түнгі сағат 1.00 шамасында Астана көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын 30 жастағы ер адам телефонмен балконда тұрып сөйлескен. Оның сөйлескен даусынан оянған көршісі полиция шақыратынын айтып, ескерту жасаған. Тыныштық бұзған азамат көршісінен кешірім сұрап, жанжал осымен шешілген.

Кәмелетке толмаған қызының туған күнін атап өтіп жатқан жеке үйдің тұрғындары да музыканың дауысын қатты шығарғандарын мойындап, кінәларын түсінді. Көршілері баласын ұйықтата алмаған соң, түнгі сағат 23.00-ден кейін полицияға хабарласқан. Тыныштық бұзғандар учаскелік инспекторға уақыттың қалай өткенін байқамай қалғандарын айтып, шуды бірден тоқтатты.

Тауфик Мұхамед-Рахимов көшесіне көршілердің көптеген шағымы бойынша келген полицейлер пәтердің терезесінің сынғанын көрген. Құқық бұзушы үй иесімен уақытша тұрып жатқан оның туысы болып шықты.

«Пәтерді жалға алушылар мен отбасындағы жанжалқойлар түн тыныштығын жиі бұзатындар. Пәтер бюроларының әкімшілерімен және жалға берілетін үйлердің иелерімен түсіндіру жұмысы жиі жүргізіледі, шарт жасаған кезде олар клиенттерге тыныштық режимін сақтау қажеттігі туралы түсіндіреді. Жанжалқойлар профилактикалық есепке алынған, олардың басым бөлігі маскүнем және кейбіреулері тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылған. Учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында бұл тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізеді», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Жалпы жыл басынан облыста тыныштықты бұзған 769 адам жауапқа тартылды. Құқық бұзушылықтың бұл түріне 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бір жылдың ішінде қайталап бұзса, 10 АЕК шамасында айыппұл төлеуге тура келеді. Кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға меншік түріне қарай 20-дан 100-ге дейін АЕК айыппұл салынады, қайтадан бұзса айыппұл мөлшері екі есе артады.


Соңғы жаңалықтар