СҚО-да түрме ауласына ұялы телефондарды лақтырмақ болғандар ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 мекемесінің қызметкерлері колонияға тыйым салынған заттарды өткізбек болғандарды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС-164/3 мекемесінің қызметкерлері мекемеге іргелес аумақты патрульдеу кезінде күдік тудырған жеңіл көлікті тоқтатқан. «Ваз 21099» маркалы автокөлігінде Қостанай облысының 4 азаматы болған. Мекеме қызметкерлері жедел-тергеу тобын шақырып, автокөлікті тексерген.

Көліктен мекеме аумағына кіргізуге тыйым салынған заттар табылды. «Nokia» маркалы 7 телефон, «Samsung» маркалы 1 смартфон, 7 зарядтау құрылғысы және 7 «Beeline» сим картасы тәркіленді. Бұл заттар ЕС-164/3 мекемесінің сотталғандарына арналған.

«Бұл жыл басынан СҚО аумағында тіркелген алғашқы дерек. Қостанай облысының тұрғындары тыйым салынған заттарды мекеме аумағына лақтырмақ болған. Құқық бұзушылықтың бұл түріне әкімшілік жауапкершілік барлығын еске саламыз. Ескерту жасалады немесе лақтырмақ болған затты тәркілей отырып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал есірткі заттарын лақтыруды жоспарлаған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.


Соңғы жаңалықтар