СҚО-да туристік маусым ашылды (ФОТО)

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Айыртау ауданындағы туристердің демалыс жағдайымен танысу үшін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов келді. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туризмді таяудағы үш жылда дамыту стратегиясы әзірленді. Жоспарға 89 пунктті іске асыру кіріп отыр, соның ішінде 16-сы орындалып үлгерді.

«Бүгінде жалпы міндетіміз - туристер үшін жолдардан бастап олардың қауіпсіздігімен аяқталатын жақсы жағдайлар жасау. Бүгінде адамдар облысымызға келуге дайын, ниеттері бар. Бір жыл бұрын мұнда айтып өткен барлық жоспарларды орындадық. Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылады», - деді Е.Әукенов. Негізгі жұмыс қазір Айыртау ауданында жүргізіліп жатыр. Аймақтың табиғи жағдайлары: мөлдір көлдер, қылқанды орман, жасыл шөп, таза ауа - осының барлығы экотуризмді жақсы көретін адамдарды тартуға жағдай жасап отыр. Қазіргі кезде мұнда 34 демалыс аймағы жұмыс істейді, соның ішіне балаларға арналған сауықтыру лагерлері де бар. Қонақтарға арналған 48 жазғы шағын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы тәулігіне 45 адамға шақталған бұғы мүйізімен емдеу орны іске қосылды. Процедураларды жүргізуге қажетті табиғи шикізатты алу үшін мұнда 30 марал жеткізілді. Қазіргі уақытта оған арналған бөлек ғимарат салынып жатыр. Емдеу орнының тәулік бойы жұмыс істейтіні жоспарлануда. Белсенді демалысты ұнататындар үшін Имантау және Шалқар табиғи аймақтары бойынша 12 бағдар жасалды. Айғаным үй-жайы, Шоқан Уәлиханов атындағы мұражай немесе Ботай бірегей археологиялық қонысы және Қарасай және Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешенге барып, тарихқа көз жүгіртуге болады. Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров қазіргі кезде көліктік инфрақұрылымды дамыту мәселесі шешіліп отырғанын айтты. Күзде Ресей және Түркия елдерінен экскурсия жүргізушілерінің келуі күтіліп отыр, олар біздің гидтеріміз үшін шеберлік сабақтарын өткізіп, туристермен жұмыс жүргізу тәжірибесімен бөліседі.

Соңғы жаңалықтар