СҚО-да тұрғындарды таза сумен қамтуға 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды
2021 жылғы 29 желтоқсан 16:33

СҚО-да тұрғындарды таза сумен қамтуға 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл тұрғындарды таза сумен қамтуға 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Ал енді таяуда ауыл тұрғындары үшін су тарифі екі есе қымбаттамақ. Бірақ, оның негізгі бөлігі мемлекет есебінен субсидияланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жылды қорытындылаған жиында өңірде таза су мен жол мәселесінің біртіндеп шешіліп жатқанын айтты. Мәселен биыл елді мекендерді сумен қамтуға рекордтық қаражат – 10,3 млрд теңге бөлінген. Былтыр 6,5 млрд теңге болған.

«Кешенді жоспар аясында 78 ауылға таза су жетеді. Нәтижесінде өңір халқы 100 % ауыз сумен қамтылады. Алайда судың тарифін екі есе көтермекпіз. Бірақ бұл ақпарат түсіндіруді қажет етеді. Өйткені тұрғындар елді мекенге жеткізілген су үшін ғана төлейді. Қалғанына мемлекет субсидия бөлген. Нақты мысалмен түсіндірейін. Ауыл тұрғындары үшін су тарифі 2006 жылдан бастап өзгермеген. Қазір елді мекенге бір текше метр су жеткізу құны 850 теңге тұрады. Оның 810 теңгесін мемлекет өтеп келеді. Сонда тұрғындар небәрі 40 теңге төлейді. Енді ол 60-80 теңгеге дейін өзгермек. Яғни қазір тұрғындар бір фләгі су үшін 15 теңге төлесе, тариф өзгергеннен кейін ол 17 теңге тұратын болады», - дейді Құмар Ақсақалов.

СҚО-да биыл сондай-ақ 813 км жол жөнделді. Бұрын ауыл және аудан аралық жолдар ғана жөнделсе, енді көше жолдары да жөнге келтіріліп жатыр.

«Жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Облысты кешенді дамыту жоспары аясында 2026 жылға дейін 2 100 км жолды жөндейміз. Нәтижесінде 350 елді мекен тұрғындары бұл жұмыстардың игілігін көрмек», - дейді облыс әкімі.


Jańalyqtar

MURAǴAT