СҚО-да тұрғындар полиция басшылығына әлеуметтік желі арқылы жүгіне алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлық пен өзге де бұзушылықтар болған жағдайда және басқа да мәселелермен тұрғындар әлеуметтік желі арқылы полиция басшылығына жүгіне алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық полиция ведомствосында «Ашықтық. Айқындылық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» атты ҰҚК СҚО бойынша департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, прокуратура және Полиция департаменті өкілдері жиналған дөңгелек үстел өтті. Құқық қорғаушылардың басты міндеті – сыбайлас жемқорлық көріністерін жою бойынша бірлескен шараларды жасап шығару.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу екендігін атап өтті. Ол үшін мемлекет басшысы бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтті, сондай-ақ бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуының маңыздылығына ерекше назар аудартты», - деді СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Нұрлан Құрманов.

Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандық полицейлер үкіметтік емес 32 ұйымның өкілдерімен ынтымақтастық орнатқан. Мемлекеттік қызмет көрсететін бөліністер мен басқармалардың негізгі жұмысын цифрландыру да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, бейнежетондар арқылы патрульдік полицияны қашықтықтан бақылау мүмкін болған. Бүгінгі күні СҚО патрульдік полицияның барлық экипажы бейнетіркегіштермен жарақталған. Сондай-ақ планшеттер белсенді қолданылуда, оның көмегімен электронды хаттамалар толтырылады.

«Халықпен диалог және адамдардың өтініштеріне жедел ден қою – бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру кезіндегі басты басымдылық. Осыған орай атқарылып жатқан жұмыстардың бірі - ІІМ тапсырмасы бойынша әлеуметтік желілердегі ашылған парақшалар», - деді Н.Құрманов.

СҚО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасында 61-26-89 сенім телефоны жұмыс істейді, оған полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы хабарлауға болады. Сонымен қатар, осындай сұрақтар бойынша ҚР ІІМ 1402 бірыңғай сенім телефоны бар. Әлеуметтік желілерде СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевқа, ПД бастығының орынбасары Қапез Дәулетбаевқа, ПД ӨҚБ бастығы Нұрлан Құрмановқа жүгінуге болады.

Соңғы жаңалықтар