СҚО-да тұрғын үйден өрт шығып, бір жасар сәби мерт болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл елді мекенінде тұрғын үйден өрт шығып, 1 жас 7 айлық сәби мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыс оқиға бүгін Қызылжар ауданындағы Бескөл елді мекенінде болған. Өрт сөндіру қызметіне Лесная, 9 көшесіндегі екі пәтерлі баспананың жанып жатқаны жөнінде хабар сағат 10.43-те түскен. Мамандар жеткенше үй отқа оранып үлгеріпті. Өрт сөндірушілер жанып жатқан баспанадан сәбиді алып шықты. Бала бірден дәрігерлердің қолына табысталғанмен, аман алып қалу мүмкін болмады. Иіс тиген сәби аудандық орталық ауруханада көз жұмды.

Өрт сөндіру қызметі мамандарының сөзіне қарағанда, өрттің шығуына дұрыс сөнбеген шелектегі күл себеп болған.

«Тұрғын үйде үш ересек адам және үш бала тұрған. Балалардың біреуін мектептен қарсы алу үшін анасы шығып кеткен. Өрт басталған кезде үйде 78 жастағы әйел және 2011 және 2018 жылы туған екі бала болған. Әжесі үлкен немересін үйден шығарып үлгеріпті. Ал екіншісін белгісіз себептермен құтқара алмаған. Жасы үлкен, мүмкін не істерін білмей есеңгіреп қалған шығар. Күл толы шелекті де осы кісі далаға шығаруды ұмытып кеткен», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы Нұрлан Көлбаев.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қызыл жалынмен күреске 5 техника мен 40 маман жұмылдырылды. Өрт сағат 12.00 шамасында толықтай сөндірілді. Екінші пәтерге зақым келген жоқ.

Жалпы СҚО-да жыл басынан бері өрттен 41 адам мерт болса, соның екеуі – бала.

Соңғы жаңалықтар