СҚО-да тұрақтандыру қоры арқылы 1,2 млн теңгенің дәрі-дәрмегі сатылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 21 түрлі-дәрі-дәрмек тұрақтандыру қоры арқылы арзан бағаға сатылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңір басшысының тапсырмасымен өңірде дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар бойынша тұрақтандыру қоры құрылған.

Мақсаты – коронавирус инфекциясына, маусымдық аурулар – тұмау, суық тиюге қарсы медициналық препараттардың қорын құрып, бағаның шарықтап кетпеуіне ықпал ету.

Денсаулық сақтау басқармасы тізімге 28 дәрі-дәрмекті енгізді. Олардың ішінде вирусқа қарсы, антибактериалды, антигистаминді препараттар, антикоагулянттар, бронхолитиктер мен ыстықты түсіретін дәрілер бар. Мұның бәрі «Солтүстік» ӘКК арқылы сатып алынады, осы мақсатқа 357 млн теңге бөлінген.

Дәрі-дәрмек дәріханаларда, елдімекендерде дәрігерлік амбулаторияларда, дәрігерлік акушерлік пункттерде, медициналық пункттерде сатылады. Тұрақтандыру қорының дәрі-дәрмегі нарықтағы бағадан 15-20 %-ке арзан.

Мамандардың айтуынша, бір айдың ішінде 123 млн теңгеге тізімге енген 21 түрлі медициналық препарат сатып алынды. Бағасы арзан болғандықтан сұраныс жоғары. Шамамен үш аптаның ішінде 1,2 млн теңгенің дәрі-дермегі сатылған.


Соңғы жаңалықтар