СҚО-да тұмауға қарсы екпе егу басталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұмауға қарсы күзгі екпе жұмыстары үшін 60 мың дана вакцина сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы иммундау жүргізіледі. Осы мақсатқа ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 000 дозасы сатып алынды.

Бірінші кезекте тәуекел топтары екпе алады. Олардың ішіне 9 мыңнан астам медициналық қызметкер, диспансерлік есепте тұрған және алты айдан асқан жиі ауыратын 10 мыңнан астам бала, бұдан басқа балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар мен мүгедектер үйінің тұрғындары, жүкті әйелдер тегін иммундалады. Тұмау вирусына ағза төтеп беруі үшін созылмалы аурулары, жүрек-тамыр жүйесі аурулары және тыныс алу органдары аурулары бар 38 мың адамға екпе егіледі.

«Былтыр тұмауға қарсы алынған препарат биылғы вирустан құтқармайды. Өйткені тұмау вирусы жыл сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан жыл сайын тек биыл шығарылған вакцинамен ғана егілу қажет. Иммунитет 14 күннен кейін қалыптасады және бір жыл күшін сақтайды. Егуді қазан-қараша айларында жасаған дұрыс. Биылғы маусымда А/Brisbane (H1N1), a/Kansas (H3N2), B/Colorado және B/Phuket типті тұмау вирусының 4 штаммы өзекті», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы Салтанат Бекқожина.

Тұмау вирусы жұққан адамның дене температурасы 39-40С-қа дейін көтеріліп, қатты қалтырау, жөтел, жалпы әлсіздік, мұрын бітелуі, қатты бас ауруы, сондай-ақ бұлшық ет пен буындардағы ауырсыну мен сырқырап ауру болады.

«Тұмау асқынған кезде пневмонияға ұласады. Әсіресе жиі ауыратын балаларда, жүкті әйелдерде, қарт адамдарда, иммундық жетіспеушілігі бар созылмалы аурулармен ауыратын тұлғаларда тұмау ауыр өтеді. Жүкті әйелдерде түсік тастау қаупі жоғары», - дейді инфекционист-дәрігер Наталья Помазанова.

Мамандар вирусты аурулар күшейген кезде жеке бас гигиенасына аса мән беруге, толыққанды ұйықтап, дәрумендерге бай тағам жеуге кеңес береді. Ал тұмаудың алдын алуда арнайы екпе алу өз нәтижелілігін көрсетіп келеді.

Соңғы жаңалықтар