СҚО-да түлектердің 64% отандық оқу орындарын таңдаған

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – СҚО-да мектеп түлектерінің шетелге барып оқу үрдісі азайған. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір елде отырып әлемнің үздік университеттерінен білім алу мүмкіндігі бар. Шетелде барып оқу ауқымды шығын. Бір жылдың ішінде оқу ақысын қоса есептегенде шамамен 45 мың долларға шығады. Сол білімді елде отырып 10 мың долларға игеруге болады. Атап айтқанда СҚО-да ашылып жатқан Аризона университетінің филиалы. Бұл атқарылған жұмыстың нәтижесі. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын өз елімізде ашу түлектеріміздің сыртқа кетуін тежеуге де мүмкіндік береді. Мысалы, СҚО бойынша соңғы 5 жылдың ішінде алғаш рет мектеп түлектерінің шетелге оқуға кетуі 2 есе азайған», - деді Ералы Тоғжанов елордада өтіп жатқан «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында.

Оның айтуынша, аталған бағыттағы жұмысты жалғастыру керек.

«Сонымен қатар биыл СҚО-да 64 пайыз мектеп бітіруші түлек отандық оқу орындарын таңдап отыр. Бұл соңғы жылдағы ең жоғары көрсеткіш. СҚО-дағы Аризона университетіне еліміздің 6 өңірінен студенттер қабылданды. Алдағы жылдары көрші елдерден де келіп оқиды деп жобалап отырмыз», - дейді Үкімет басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар