СҚО-да туғаннан бері бір де бір құжаты болмаған 30 жастағы әйел жеке куәлік алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл құжатсыз жүрген 237 адам анықталса, соның 65-іне жеке куәлік жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде «құжатсыз жүрген азаматтардың құқықтық мәртебесін реттеу» тақырыбында брифинг өтті. СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілевтің айтуынша, өңірде соңғы бес жылда құжатсыз жүрген 1611 адам анықталған. Оларға құқықтық көмек көрсетіліп, барлығы құжаттандырылды. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде құжатсыз жүргендердің қатары сиреген.

«М.Жұмабаев ауданының 30 жастағы тұрғыны көші-қон қызметіне құжат жасату бойынша хабарласты. Оның өзімен бір де бір құжаты, тіпті туғаны туралы актілік жазбадан бастап, туу туралы куәлігіне дейін болмаған. Әйел бізге хабарласқан кезде оның туғаны туралы еш дерек анықталмады.

Адам құқықтары жөніндегі бюромен бірлесе көп жұмыс атқарылды. Барлық инстанцияларға жүгіндік. Оның туғанын растайтын дерек болуы үшін қымбат тұратын молекулярлық генетикалық сараптама жасау қажет болды. Бұл процедура шамамен 300 мың теңгеден артық тұрады. Бұл шығындарды Адам құқықтары жөніндегі бюро көтерді. Нәтижесінде әйел өмірінде алғаш рет жеке куәлігін алды және Қазақстан азаматы деп танылды», - дейді Талғат Әбілев.

Басқарма бастығының айтуынша, мұндай оқиғалар өте көп кездеседі. Жеке куәлігі жоқ адамдардың көпшілігі ауылдық жерлерде тұрады. Олар мектепті бітірісімен оқуларын жалғастырмайды, жұмыс істемейді. Зейнеткерлікке шығар кезде ғана немесе қандай да бір жәрдемақыны аларда құжатқа қажеттілік туындайды екен.

«Құжатыңыз жоқ болса, оны алудан қорықпау керек. Әр мәселе жеке-дара қаралады. Ешкім сізді көп уақыт құжатсыз жүргеніңіз үшін соттамайды. Полиция қызметкерлері түсіністікпен қарап, құжат алуыңызға барынша көмектеседі. Әр ауданда біздің қызметкерлеріміз бар, олар аптаның жұмыс күндері қабылдайды», - дейді Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілев.

Құжатсыз жүрген адамдарды анықтау мақсатында полиция қызметкерлері «Участок» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді. Жыл басынан СҚО-да осындай 237 адам анықталды. Олардың 111-і ел аумағында туу туралы куәлікпен тұрып келген. 74 адам кеңес дәуіріндегі төлқұжаттармен жүрген. Қалғандарының қолында туғаны туралы актілік жазба ғана болған.

Биыл СҚО-да құжатсыз жүрген 65 адам жеке куәлік алды.


Соңғы жаңалықтар