СҚО-да «Туған жер» бағдарламасына 200-ге жуық кәсіпкер қатысты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Туған жер» бағдарламасына 200-ге жуық кәсіпкер қатысып, өңірдің көптеген әлеуметтік мәселелері шешімін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққалы Қызылжар өңірінде бизнестің қатысуымен 224 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Жұмсалған қаражат - 2,6 млрд теңге шамасында.

Кәсіпкерлер кіндік қаны тамған туған жерге деген құрметін, отансүйгіштігін сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Нәтижесінде елді мекендерде жаңа спорттық-сауықтыру кешендері, архитектуралық-монументалды ескерткіштер пайда болды. Бағдарлама аясында аулалар аббаттандырылып, саябақтар көбейді.

СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, былтыр өңірде 1, 436 млрд теңгенің 98 жобасы жүзеге асты. Меценаттардың қаражатына 19 мектеп, 12 мәдени орталық, 3 спорт залы күрделі жөнделді. Бұдан басқа 3 спорт алаңы және мәдени орталық салынып, пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда бағдарламаға қатысуға 100 жеке кәсіпкер, 60 шаруа қожалығы, ірі және орта бизнестің 27 субъектісі тілек білдірген.

Ауылының өсіп, өркендеуіне, гүлденуіне сүбелі үлес қосқандардың бірі - Аққайың ауданындағы «Дайындық» ЖШС директоры Біржан Шәймерденов. Біржан Әбділманұлы егіншілік пен мал шаруашылығын дамытумен қатар ауылдың әлеуметтік мәселесін шешуге де үлкен көңіл бөледі.

Бүгінде Дайындық ауылындағы барлық үйлер орталық жылыту жүйесіне қосылған, су үйге кіріп тұр. Елді мекенде кәсіпкердің көмегімен балабақша, емдеу мекемесі бой көтерді. Жылда ауыл тұрғындары мен жас жұмысшыларға тұрғын үйлер салынады. Былтыр ол ауылына мектеп салып берді.

«Ортақ Отанымыздың гүлденуіне сүбелі үлес қосып жүрген жүрегі жомарт жандар ауылдастарының, тұрғындардың алғысына бөленіп жүр. Осы жерде ерекше атап кететін жайт - рухани жаңғыруды тек меценаттардың есебінен түрлі жобаларды қаржыландыру, нысандар салу деп біржақты қарастыруға болмайды. Рухани жаңғыру - әр адамның өзінің көркем мінез-құлқынан, отбасындағы тәлім-тәрбиесінен бастау алуы керек», - дейді СҚО бойынша «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесінің жетекшісі Жанар Таласпаева.

«Атамекен» кіші бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан ерекше үлесі үшін «Жомарт Жүрек - 2018» байқауында облыстың 5 меценаты марапатқа ие болды. Біржан Шәймерденов облыстық және республикалық деңгейде «Жыл тұлғасы» атанды.

СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы мамандарының айтуынша, биылға осы бағдарлама аясында 944,3 млн теңгенің ірілі-ұсақты 80 жобасы жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар