СҚО-да туберкулезбен ауырғандарға қаржылай көмек көрсетілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл туберкулезбен ауырған 363 адамға 20 548 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да туберкулездің алдын алу мақсатында жұмыс істеп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың кездесу-жиыны өтті. Облыстық фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, өңірде туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақтанып, сырқаттану мен өлім-жітім көрсеткіші азайған. Мәселен 2010 жылы жаңадан 625 сырқат анықталса, былтыр 219 науқас тіркелген. Сондай-ақ өлім-жітім де кеміген, он жыл бұрын 110 адам қайтса, былтыр 20 адам көз жұмған.

«СҚО-да туберкулезді интеграцияланған бақылау стратегиясы жүзеге асырылады. Оның аясында туберкулез микробактерияларын бөлмейтін және өзге жандарға қауіп төндірмейтін пациенттер тұрғылықты мекен-жайы бойынша орналасқан емханада амбулаторлық ем алады. Осы ретте жыл басынан Петропавлдағы 4 емдеу мекемесінде туберкулезге қарсы кабинеттер ашылды. Олар әр аудандық ауруханада да жұмыс істеп жатыр. Ал М.Жұмабаев ауданында биыл өкпе ауруымен ауырғандарға арналған 30 орындық сауықтыру бөлімшесі ашылды», - дейді СҚО фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары Раиса Құсайынова.

Биыл СҚО-да 264 мыңнан астам адам флюорография арқылы тексерілген, нәтижесінде 101 адам есепке алынды. Gxpert әдісі арқылы 2228 адамды тексеріліп, 169 адамның сырқаттанғаны анықталды. Қаралған 32 319 баланың екеуі жұқтырған болып шықты.

«Облыста эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына туберкулезбен ауырғандарға көрсетіліп жатқан қолдау да сеп болған. 10 ауданда ай сайын 17 500 теңгеден, бір ауданда 7900 теңгеден жәрдемақы төленеді. Мұндай әлеуметтік көмек Петропавлда, Ақжар мен Тайынша аудандарында ғана жоқ. 363 сырқатқа жергілікті бюджеттен биыл 20 548 мың теңге төленді», - дейді Раиса Құсайынова.


Соңғы жаңалықтар