СҚО-да туберкулез жұқтырғандар саны 35% артты

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында туберкулез жұқтырғандар саны артты. Анықталған 102 жағдайдың жартысына жуығында аурудың жұқпалы түрі болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жарты жылдың ішінде мамандар тексеріс барысында 102 адамда туберкулезді анықтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 35% көп. Ауырғандардың басым бөлігі Петропавл тұрғындары.

«Былтыр туберкулез тиісті деңгейде анықталмады. Сол себепті көрсеткіш төмен болды. Биыл бұл жұмыстар өзі деңгейінде атқарылып жатыр. Есіл, Тайынша, Айыртау, Қызылжар аудандарында ауырғандар саны облыстық деңгейден жоғары. Сондай-ақ сырқаттанғандардың жартысы – жұмыссыздар. Биыл ауырған 97 сырқаттың 49-ында дерттің жұқпалы түрі болған. Яғни тыныс органдары арқылы бактерия бөлінген. Науқастардың шамамен 86% – Есіл ауданының тұрғындары. Мұндай сырқаттарды анықтап, емдеу – біздің негізгі мақсатымыз» - дейді департамент басшысының орынбасары Татьяна Горлова.

Туберкулезді жұқтырғандар арасында балалар да бар, бүгінде 3 жасөспірім ем алып жатыр.

«Қауіпті дертті тез арада емдеп жазудың ең дұрыс жолы – сырқатты ерте анықтау. Мәселен биыл қатер тобына жататын және міндетті түрде тексерілуі тиіс тұрғындарды флюорография арқылы тексеру барысында 61 сырқат анықталды. Науқастардың басым бөлігі жұмыс істемейді. Биылғы жарты жылда 290 адамға 15 млн 607 мың теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. Яғни бір сырқатқа облыс бойынша орта есеппен 54 мың теңге берілді. Ең төмен жәрдемақы Петропавлда – 31 мың теңге, Тайынша ауданында – 34 мың теңге, Шал ақында – 44 мың теңге болса, Есіл ауданында 47 мың теңге шамасында», - дейді Татьяна Горлова.


Соңғы жаңалықтар