СҚО-да туберкулез науқастарына 28 млн теңгеге жуық жәрдемақы берілді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 328 мыңға жуық ересек, 40 мыңнан астам бала туберкулезге тексерілді. Сырқаттар саны азайып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО туберкулезге қарсы қызметінің мәліметінше, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты, ауруды жұқтырғандар саны азайып келеді. Бұған атқарылып жатқан кешенді іс-шаралар, қажетті препараттардың қолжетімдігі, жаңа емдеу тәсілдерінің енгізілуі себеп.

«Соңғы 10 жылда туберкулезбен ауыру көрсеткіші облыста ғана емес, жалпы ел бойынша 2,5 есеге төмендеді. Өлім-жітім 3,9 есе төмендеді. Десек те, облыста бұл көрсеткіш республика бойынша жоғары. 2011 жылы 68 сырқат қайтыс болса, 2021 жылы 16 адам көз жұмды», - дейді СҚО фтизиопульмонология орталығының директоры Қаныш Бижанов.

Туберкулезбен күрестің тиімді жолы – оны дер кезінде анықтау. СҚО-да ауруды ерте анықтауда заманауи диагностика тәсілдері қолданылады. Мамандар тұрғындардың 80 % тексеріспен қамтуға тырысады.

«Былтыр флюорографиямен 324 223 адам тексерілді. 153 сырқат анықталды. Gxpert әдісімен 3 415 тұрғын тексерілсе, соның 246-сы туберкулез табылды. Бұдан бөлек 40 409 баладан сынама алынды, үшеуінің нәтижесі оң келді», - дейді Қаныш Бижанов.

Маманның айтуынша, өңірде эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына сырқаттарды әлеуметтік қолдау да әсер еткен. Облыстың 11 ауданында туберкулезбен ауыратындарға ай сайын 17 502 теңге жәрдемақы беріледі. Шал ақын ауданында – 7 900 теңге, Тайынша және Ақжар аудандарында мұндай көмек тоқсанда бір рет қана көрсетіледі, сомасы 20 мың және 14 мың теңге шамасында. Ал Петропавлда сырқаттарға жылына бір рет 29 мың теңге беріледі екен. Былтыр жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 28 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған.


Соңғы жаңалықтар