СҚО-да трактор құрастыру үшін шетелдік компаниямен келіссөз жүріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да ауылшаруашылығы техникалары: трактор, себу кешендері мен комбайндар жергілікті машина жасау зауытында құрастырылатын болады. Бүгінгі таңда немістің CLAAS компаниясымен келіссөз жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, өңірде CLAAS XERION маркалы трактор, «Horsh» себу кешендері және CLAAS TUCANO маркалы комбайндарды құрастырып шығару жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен XI экономикалық форум аясында СҚО әкімдігі мен Шығыс Еуропа бойынша CLAAS компаниясының директоры Нильс Ройтч арасында жобаны жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды.

СҚО ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, келіссөз 2017 жылдан бастап жүргізіліп келеді. CLAAS компаниясының техникасы «Қазтехмаш» машина жасау зауыты» ЖШС базасында құрастырылмақшы. Жергілікті кәсіпорын ғимарат пен өндірістік алаңдар ұсынса, шетелдік компания технологиямен, құрастыру желісімен және қажетті қондырғымен қамтамасыз етеді.

Мамандардың айтуынша, «CLAAS» СҚО-да ауылшаруашылығы техникасын құрастырып қана қоймай, болашақта өнімді әлем бойынша өткізуге көмектеспек. Кәсіпорын жылына CLAAS TUCANO маркалы 100 комбайын құрастыруды жоспарлаған, нәтижесінде 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Толық қуатында жылына 200-ге дейін ауылшаруашылығы техникасын шығаруға қауқарлы.

СҚО ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі ауылшаруашылығы техникасы айтарлықтай ескірген. Тракторлардың 84 % (11 416 дана), комбайындар 68% (5056 дана) 10 жылдан артық қолданыста болған, яғни ауыстыруды қажет етеді. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда облыстың машина-трактор паркі сапалы түрде жаңаланбақ.

Соңғы жаңалықтар