СҚО-да төрт күнде 141 өңір тұрғыны малы бос жүргені үшін жазаланды

None
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мал ұрлығымен күресу мақсатында республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Нәтижесінде бес мал ұрлығы қылмысы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мал ұрлаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 15-18 мамыр аралығында өтті. Мобильдік топтар құрылып, олардың құрамына криминалдық және әкімшілік полиция, ветеринария басқармасының қызметкерлері кірді. 4 күн ішінде олар мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын 411 автокөлікті тексерді. Нәтижесінде ветеринария саласындағы 28 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Сондай-ақ мал мен ет өнімдерін сату орындары, шаруа қожалықтары, елді мекендерден алыс орналасқан мал қамайтын орындар мен фермалар тексерілді.


«Іс-шара аясында бұрын жасалған 5 мал ұрлығы ашылды, оның 4-уі «өткен жылдар» санатында. 141 солтүстікқазақстандық малдарын бос қоя бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаңғырған мал – ұрыларға оңай олжа. Ал елді мекендер маңындағы жолдарда жануарлардың кенеттен пайда болуы жол-көлік апатына алып келуі мүмкін. Сондықтан полиция тұрақты түрде алдын алу жұмыстарын атқарады», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Республикалық акция аясында Аққайың ауданында 46 жастағы ауыл тұрғынының үйіне жапсарлас салынған қора-қопсыдан полицейлер 16 калибрлі «ИЖ-58» маркалы тіркелмеген мылтықты тапты. Сараптама тағайындалды.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабына сәйкес ер адам 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.


Соңғы жаңалықтар