СҚО-да топырақтың сапасын анықтайтын агрохимиялық зертхана ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында топырақтың 6 негізгі көрсеткіш бойынша сапасын анықтайтын толығымен автоматтандырылған агрохимиялық зертхана ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Agro lab» ЖШС Петропавлда жобаны жүзеге асыру үшін 600 млн теңге инвестиция құйды. Бұл – халықаралық үлгімен топырақтың құрамын толық талдап беретін еліміздегі алғашқы агрохимиялық зертхана. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжахан Бимендина және облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты.

«Қазір өңірде сапа көрсеткішін арттыруға басымдық бердік. Егістік алқаптарын әртараптандырып жатырмыз. Биыл 1 млн астам гектарға майлы дақылдар себілді. Биыл «Солтүстік соясы» атты қанатқақты жоба қолға алынды. 20 мың гектарға соя егілсе, келесі жылы бұл көрсеткішті 5 есе арттырмақпыз. Ашылған зертхана топырақ сараптамасын жасап, аграрийлердің жұмысын жеңілдетпек», - деді зертхананың ашылу салтанатында сөз алған СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

Жаңа зертханаға голландиялық қондырғы орнатылған. Жергілікті тұрғындардан 20 адам жұмыспен қамтылды. Олар бір тәулікте 280 сараптама жасай алады. Шаруалар енді зертхана арқылы алқаптарының құрамындағы құнарлы заттардың, минералдардың мөлшерін анықтайды, тиісінше қажетті тыңайтқыштарды қолдану бойынша мамандардың кеңесін алады.

«Біздің зертхана заманауи аппараттарды қолданады. Топырақтың 6 негізгі көрсеткіші бойынша зерттеу жүргіземіз. Атап айтсақ PH деңгейін, құрамындағы гумус мөлшерін, күкірт, азот, фосфор мен калийдің мөлшерін байқаймыз. Бұл топырақтың құнарын сақтауға және мол өнім алуға септігін тигізеді», - дейді агрохимиялық зертхананың меңгерушісі Алмагүл Қалиасқарова.

Зертхана өз тұтынушыларына әр учаске жайлы толық мағлұмат беретін картограмма жасап береді. Бұл құжатты шаруалар мемлекеттен минералды тыңайтқыштарға субсидия алар кезде қолдана алады.

Соңғы жаңалықтар