СҚО-да терроризм үшін сотталған 32 адам жазасын өтеп жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, дін істері басқармасы, «Қызылжар» орталық мешіті және Қазақстан Православ шіркеуінің Петропавл және Булаев епархиясы меморандумға отырды. Мақсат – терроризм үшін сотталғандарды дұрыс жолға бағыттау, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, меморандумға отырудың басты мақсаты - сотталғандармен теологиялық, оңалту жұмыстарын мақсатты түрде ұйымдастыру. Тараптар арасындағы ынтымақтастық жазасын өтеушілерді дұрыс жолға салуға бағытталған.

Қазіргі уақытта СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде терроризм үшін сотталған 32 адам жазасын өтеп жатыр. Екеуі – әйел. Жасаған қылмысына байланысты олар 6 жылдан 15 жылға дейін сотталған.

Санасы уланып, теріс жолға түскендерді тезге салуға енді дін қызметкерлері де үлес қоспақ. Түрмеде жүргізілетін тәрбие жұмысы жүйелі түрде жолға қойылмақ.

«Радикалды, деструктивті діни идеологияның таралуының алдын алу бойынша сотталғандармен жұмыс ұйымдастырылады. Меморандум аясында бекітілген кестеге сәйкес діни қызметкерлер мекемелерге келіп, діни сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізеді. Қылмыстық-атқару жүйесі органдарына одан әрі жұмысқа орналастыру үшін теологтарды, дінтанушыларды іріктеу бойынша үгіт-насихат жұмыстарына жәрдемдеседі. Дін қызметкерлері басқаларға қарағанда сотталғандарға көбірек әсер ететіні сөзсіз, сондықтан мұндай жұмысты уақытында жүргізу өте маңызды.

Ал біз өз тарапымыздан діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысып, жәрдем береміз», - дейді СҚО ҚАЖД бастығы Берік Билялов.


Соңғы жаңалықтар