СҚО-да терроризм туралы жалған хабар беруге қатысты 10 оқиға тіркелген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жалған хабарлама берудің жауапкершілігі туралы еске салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалған терроризммен күрестің тиімді жолы - ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына, яғни терроризм актісі туралы жалған хабарлама бергенге 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеу немесе 12 миллион 600 мың теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ, қойылған бомба не басқа да жарылғыш заттар туралы «әзіл» үшін түзету жұмыстарына тартылады.

«Аталған фактілерге жол бермеу үшін ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Террористік тұрғыда осал объектілерді тексеру барысында мекемелердің басшыларына және қызметкерлеріне оқыту іс-шараларын ұйымдастырамыз. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлармен студенттер ортасында, орта мектеп оқушыларының ата-аналары арасында терроризм актісі туралы жалған хабарламаға және құқыққа қайшы іс-әрекеттерге жол бермеу туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі», - деді Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция майоры Руслан Мұхамбетжанов.

Сол сияқты, полицейлер кез келген басқа қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы жалған хабарлама үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да есккертеді.

Арнаулы қызметтерді жалған ақпарат бойынша шақырғандарға 75 мың теңгеден астам айыппұл салынады.

Полицейлердің айтуынша, былтыр Солтүстік Қазақстан облысында терроризм актісі туралы жалған хабарлама берудің 10 дерегі тіркелді. Олардың барлығы ашылып, ұсталғандар мәжбүрлеп емдеу шараларынан бас бостандығынан айыруға дейінгі түрлі жазаларға тартылды. Биыл осындай бір факті тіркелді, ол бойынша процестік шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар