СҚО-да тергеудегі адам ауруханадан қашып кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тергеу үшін қамалған ер адам аудандық ауруханадан қашып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІМ хабарлауынша, 13 тамыз күні кешке Ғ. Мүсірепов атындағы аудандық ауруханадан арнайы палатада ем алып жатқан тергеумен қамалған адам қашып кеткен. 23 жастағы солтүстікқазақстандық мал ұрлығы фактісі бойынша тергеуге алынған екен.

Облыстық Полиция департаментінің, аумақтық бөліністердің жеке құрамы дабыл бойынша шақыртылып, күдіктіні іздеуге бағдарланды.

Қашқынның жолын бөгеу үшін облыстық және республикалық маңызы бар жолдарға бекеттер қойылды.

Жексенбі күні таңертең Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Ставрополка ауылының маңында күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта ұсталған адам тергеу изоляторына қамалды. Қашу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 426-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Бұған дейін Петропавлдағы № 2 қалалық соттың және мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьялары мен қызметкерлері жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарға байланысты эвакуацияланғанын айтқан едік. Полиция қызметкерлері ғимараттан қауіпті затты таппады.


Соңғы жаңалықтар