СҚО-да тексерушілер мемқызметшілер тарапынан дөрекілікке тап болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат -  Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді тексеру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жағдай неғұрлым анық болуы үшін «жасырын сатып алушы» әдісі қолданылады. Кеңес хатшылығының этика бойынша меңгерушісі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев жақында психикалық-неврологиялық аурухананы тексергендерін айтты.

«Мониторинг барысында жол көрсеткіштердің жоқтығы, сапасыз қызмет және қызмет алушыларға дөрекі сөйлеу сынды оқиғалар тіркелген. Еңбек, әлеуметтік қорғау, көші-қон департаментінде «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қолдау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметтің түріне жүгіну барысында «жасырын сатып алушылар» дөрекілікке тап болған», - деді Ж.Жұмабаев.

Оның айтуынша, тексеріс жасап жүрген адамдар кеңес ала алмаған, ал департамент қызметкерлері өрескел мінез көрсеткен.

Петропавл қаласындағы №2 ХКО-да тіркеу орнының қызметкері «Азаматтарды әскери-техникалық және өзге де әскери мамандықтарға дайындау» түріндегі мемлекеттік қызметті берудің тәртібін білмей,  қажет құжаттар тізімі туралы теріс ақпарат ұсынып, ары қарай толық мағлұматты алу үшін әскери комессариатқа баруға кеңес берген.

«Есіл және Тимирязев аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай қарастырылмаған, қызметкерлердің бірыңғай киім формасы, бейдждері жоқ. Тимирязев ауданындағы бөлімде келушілерге арналған ақпараттық стендтер болмаған», - деді Ж.Жұмабаев.

Соңғы жаңалықтар