СҚО-да тексеру барысында ауырған адамдардың жұмысқа барғаны анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Ведомствоаралық комиссияның отырысында Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 10 күн ішінде «қызыл аймақтан» шығуға тапсырма берілді. Осыған орай бүгін СҚО-ның Бас санитария дәрігері брифингіде «қызыл аймақтан» шығу жолын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында ШҚО және СҚО әкімдіктеріне он күн мерзімде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға тапсырма берілді.

СҚО-да карантин шектеуі күшейтілгенімен, СOVID-19 -ды жұқтырғандар саны артпаса – кемір емес. Тек кеше өңірде КВИ жұқтырудың 85 жағдайы тіркелді.

«Петропавл қаласын және тағы бірқатар ауданды жапқанымызға он шақты ғана күн өтті. Инкубациялық кезең – екі апта. Сол себепті әзірге блокпосты қоюдың нәтижесі туралы айту ерте», - деді коронавирус бойынша өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты өткен брифингіде СҚО-ның Бас санитариялық дәрігері Арман Күшбасов.

СҚО-да бүгінде 6 ауданның 7 елдімекенінде блокпост тұр. Соның ішінде облыс орталығы – Петропавл да бар.

«СҚО-да өткен Ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысында бірқатар шешім қабылданды. Содан кейін Петропавлда және Қызылжар ауданында қатаң карантин шектеуі енгізілді. Кеше ғана аймақтық ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, Бас санитария дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Мемлекеттік органдар, барлық ұйымдар «қызыл аймақтан» шығу үшін барлық іс-шараны қолға алды. Бірақ бұл аз. Әрқайсымыз бұған атсалуымыз керек. Барлығымыз санитария талаптарын орындап, маска тағуымыз қажет. Тексеру барысында ауырған адамдардың жұмысқа барғаны анықталып жатыр. Олар өздері дертін жасырады. Тек ауру асқынғанда ғана медициналық көмекке жүгінеді. Адам алғашқы белгі пайда болған жағдайда бірден оқшаулануы керек. Басқаларға қауіп төндірмеуі тиіс. Қауіпті аймақтан шығудың ең тиімді жолы осы. Сол себепті барлығын аурудың белгісі пайда болған жағдайда оқшаулануға шақырамын», - деді Арман Күшбасов.


Соңғы жаңалықтар