СҚО-да тасқын судың беті қайтты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да көктемгі тасқын судың беті қайтты. Жергілікті қызметтердің бірлесе қимылдауының нәтижесінде бірде-бір үйге су кірген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңінің қорытындысы шығарылды. Қазір облыста жағдай тұрақты, судың деңгейі төмендеп келеді.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл өңірде су қоры өткен жылдармен салыстырғанда 6 есе көп болды. Кешенді жұмыстардың арқасында үйлерге су кірген жоқ.

«Биылғы көктемгі су тасқыны бойынша жағдай біраз әбігерге салды. Қазір өңірдегі жағдай тұрақталды деп айта аламын. Шамамен 530 шақырым - 90 ауылдың айналасы су келместей биіктетіліп көтерілді. 20 мың метр су құбыры тазартылды. Тек Петропавл қаласынан ғана 800 мың текше метр қар сыртқа шығарылды. Шұғыл қимылдау үшін 1400 адам мен 1200-дей техника әзірленді. Біз тасқын суға дайын болдық. Дер кезінде жасалған жұмыстар өз нәтижесін берді», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Тасқын су 18 елді мекенге дейін келіп, қауіпті жағдай тудырды. Облыс әкімі Уәлиханов ауданында апатты болдырмау үшін мол су келгеннен тұрғындардың қасында болып, жағдайды бақылауда ұстады. Арнайы құрылған штабты өзі басқарды.

«Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл мен Қаратал ауылдарына Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан көп мөлшерде су келді. Менің басқаруыммен шұғыл штаб жұмыс істеді. Бірлескен және жедел жұмыстың арқасында ауылдықтар көшіріліп, жағаны бекіту жұмыстары жүргізілді. Бұл ауылдардың жанында 70 млн текше метр су жиналды. Егер бөгетті су шайып кетсе, екі метрлік толқын ауылдарды басар еді. Сондықтан, тиісті құтқару жұмыстары жүргізілді. Кешенді жұмыстардың арқасында төтенше жағдайға жол берілмей, адамдардың өмірі мен мүлкін сақтап қалдық», - деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, былтыр су өткізгіш 20 құрылғы салынса, биыл тағы 27-сі қойылады. Бұл алдағы уақытта көктемгі су тасқынының жеңіл өтуіне жағдай жасамақ.

Соңғы жаңалықтар