СҚО-да тасқын су бірнеше жолды шайып кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жеті тұсын су басып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ш.Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарында елді мекендерді жалғайтын жолдарды су басты. Қазір бұл жерлерде арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр. Бекеттер орнатылып, көліктер айналма жолдармен жүруге мәжбүр.
Облыстық Төтенше жағдай департаменті мамандарының мәліметінше, екі тәуліктің ішінде Сілеті су қоймасынан СҚО-ға 95 млн текше метр су жіберілген. Уәлиханов ауданындағы екі ауыл - Қулыкөл мен Қаратал елді мекендері маңында су деңгейі көтеріліп, ауылға жетіп жақындап қалды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қауіп төнген аймаққа жетіп, жағдайды бақылауға алды.
«Облыстың шалғай елді мекендері болғандықтан жету қиын болды. Қазір ол жерде трактор, бульдозер, экскаватор - барлығы 25 техника жұмыс істеп жатыр. Көмекке өздерінің керек-жарақтарымен құтқарушылар келді», - дейді СҚО Төтенше жағдай департаментінің бастығы Рамиль Камалов.
Уәлиханов ауданындағы Береке ауылында еріген қар суы 200 адамды электр қуатынсыз қалдырды. Электр бағандары ағын суға шыдас бермей құлаған. Су деңгейі түсісімен-ақ құтқарушылар қалыпқа келтіру жұмыстарын бастайды.

Соңғы жаңалықтар