СҚО-да тамыз айында 73 зертханасы бар ғылыми кешен пайдалануға беріледі

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласына бөлінген қаржы былтырғымен салыстырғанда 13%-ға артып, 114 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қаржы басқармасының мәліметінше, былтыр білім беру сапасын арттыру мақсатында 3,6 млрд теңге мектеп-колледждерді күрделі жөндеуге жұмсалды. Ал материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде мектеп оқушыларын тасу үшін 16 көлік сатып алынған. Білім беру нысандарының қазандықтары жөнделіп, жиһаз бен спортқа қажет құрал-жабдықтар және кітаптар алынды.

«Білім беру саласындағы ауқымды жобалардың бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жаңа ғылыми-зертханалық кешені. Оның құрылысы биыл тамыз айында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. 18 700 шаршы метрді алып жатқан нысанда 73 заманауи зертхана жұмыс істемек. Бұл жерде инженерия және цифрлық технологиялар, көлік және машина жасау, энергетика және радиотехника, азық-түлік қауіпсіздігі, орман шаруашылығы агрономиясы мен медицина мамандықтары бойынша студенттер білідерін жетілдіреді», - дейді облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант.

Былтыр өңірдегі үш ауысымда оқу мәселесін шешу үшін Петропавлда 900 орындық мектеп пайдалануға берілді. Тайынша қаласында 600 орындық және Тайынша ауданы Вишневка елді мекенінде 120 орындық екі мектептің құрылысы басталды. Білім ордаларының құрылысына 324,9 млн теңге жұмсалды. Ал Петропавлда студенттерге арналған 244 орындық жатақхана салынып жатыр.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, биыл білім саласына 114 млрд теңге бөлінген. Бұл облыс бюджетінің 35 %-ы. Соның ішінде 2 млрд теңгеге 21 білім беру нысаны күрделі жөнделеді. Ал 83 мектеп жаңғыртылмақшы, яғни пәндік кабинеттер, жиһаз сатып алынады, асханалар мен кітапханалар жөнделеді.


Соңғы жаңалықтар