СҚО-да такси жүргізушілері жолаушыны жасыл ерітіндімен жуынуға мәжбүрлеген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық полицейлер жолақысын төлемеген клиентті жасыл сұйықтықпен (зеленка) жуынуға мәжбүрлеген жүргізушілерді жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиғаның видеосы бірнеше күн бойынша әлеуметтік желідегі жергілікті парақшаларға тараған болатын. Полицейлер видеодағы адамдарды анықтады.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 26 жастағы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғыны қала таксопарктерінің бірінде ұялы телефон қосымшасы арқылы қызмет көрсеткен. 8 қаңтарда түнде ол клиентті айтқан жеріне жеткізіп салған. 29 жастағы Петропавл тұрғыны ақша төлеуден бас тартқан.

«Такси жүргізушісі басқа жүргізушілердің алдында қала тұрғынын жасыл ерітіндімен жуынуға мәжбүрлеген. Аталмыш факті бойынша оған қатысты «Ұсақ бұзақылық», тағы бір жүргізушіге қатысты «Сәйкес тіркелусіз кәсіпкерлік қызметімен айналысу» бабы бойынша материал жинақталды», - деді баспасөз қызметінен.

Полиция қызметкерлері көлігімен жолаушы тасымалдайтындардың жолақы төлеу мәселесін заңмен белгіленген тәртіппен шешу керектігін ескертеді.


Фото: pkzsk.info

Соңғы жаңалықтар