СҚО-да тағы 3 ауылда карантиндік шектеу күшейтілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусты жұқтырушылардың артуына байланысты тағы үш ауылда карантиндік шектеулер күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, бүгінде Булаево, Мамлютка қалалары және Явленка елді мекенінен басқа тағы 3 ауылда карантин күшейтілді.

«Петропавлды жабу туралы мәселе әзірге қарастырылған жоқ. Өткен аптада облыс орталығында 40 жағдай тіркелді. 100 мың тұрғынға 50-ден асқанда ғана қатаң іс-шаралар қолданылады. Қазіргі көрсеткіш – 18. Бүгінде 3 аудан орталығынан басқа, Шал ақын ауданындағы Повозочное, Тайынша ауданындағы Краснокиевка және Ақжар ауданындағы Ленинградское елді мекендерінде карантиндік шектеулер күшейтілді. Оларда науқастанғандар 3-5 адамнан асып кеткен», - дейді СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бастығы Арман Күшбасов.

Карантиндік шектеулер күшейтілген елді мекендердің кейбіріне ғана аудандық санитариялық дәрігерлердің шешімімен блокпосттар қойылған. Десек те, бұл елді мекендерде тұрғындардың жүріп-тұруы шектелді. Сондай-ақ ресми және жекеменшік жолаушы тасымалдаушыларға басқа елді мекендерге және Петропавлға жолаушы тасымалдауға тыйым салынды.

Өткен тәулікте СҚО-да КВИ жұқтырған 14 адам тіркелді. Мамандардың айтуынша, олардың бесеуі Ресейден келгендер.

«Шекарадан өткендер ПТР-тест тапсырады, карантинге алынады. Жұқтырғаны анықталған жағдайда Ресей азаматы болса – еліне қайтарылады. Кеше сырттан келген 5 адамда анықталды, олардың үшеуі СҚО, екеуі Ақмола облысының тұрғындары. Барлығында ауру белгілері болмаған. Қалған тоғыз адамның біреуі жоспарлы түрде стационарға жату алдында тексерістен өтіп, анықталды. Қалған жағдайларда науқастар клиникалық симптомдармен, пневмониямен, жедел респираторлық вирустық инфекция белгілерімен келген», - дейді СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Меруерт Атамбаева.

Бұған дейін СҚО-да карантиндік шектеулер күшейтіліп, көптеген нысанның жұмыс кестесіне өзгеріс енгенін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар