СҚО-да сырқаттарға тәулігіне қосымша 850 оттегі баллоны қажет

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында инфекциялық стационарларда жатқандарға оттегі стансаларынан бөлек тәулігіне 850 оттегі баллоны қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, өңірдің инфекциялық стационарларында қазір 707 науқас бар. Олардың 75-і жансақтау бөлімшесінде жатыр. Бұдан басқа 396 адам оттегі баллондарына тәуелді.

«Қазір бір тәулікте 850 оттегі баллоны жұмсалады, бұл оттегі стансаларын есептемегенде. Мәселен облыстық көпсалалы аурухана оттегі стансасынан бөлек тәулігіне шамамен 120-200 оттегі баллонына дейін қолданады. Петропавл қалалық көпсалалы аурухананың инфекциялық стационарына оттегі стансасына қосымша тәулігіне 180-250 оттегі баллоны қажет. Алайда бұл көрсеткіш үнемі ауысып отырады, өйткені сырқатқа түске дейін немесе түстен кейін бұл баллонның қажеті болмауы мүмкін. Оттегі стансаларын салу біздің жұмысымызды жеңілдетті. Егер олар болмағанда біз бір тәулікте қолданылатын оттегі баллондарын ең кемінде 5 есе арттуымыз керек болар еді», - дейді Нұрлан Айманов.

Маманның сөзіне қарағанда, облыста науқастарды қажетті оттегімен қамтуда мәселе жоқ.

«Сәуір айында біз барлық ауруханаларды оттегі баллондарын жеткізетін белгілі компаниялармен келісімге отыруын міндеттедік. Инфекциялық стационарлар толып, ондағы барлық сырқаттарға оттегі баллондары қажет болған жағдайда да біз қамти аламыз, келісімге отырғанда біз мұның бәрін ескердік», - дейді дәрігер.

Стационарларда ем алып жатқан сырқаттардың 28-і – бала. Олардың арасында ауыр халде жатқандар жоқ. Сондай-ақ 11 жүкті әйел күні-түні дәрігерлердің бақылауында. Олардың 9-ының жағдайы орташа болса, екеуінің жағдайы нашар.


Соңғы жаңалықтар