СҚО-да сырқат әйелдің еміне жиналған ақшаны заңсыз иемденген тұрғын ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда екі күндік «Контрафакт» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер алаяқтықтық, авторлық және сабақтас құқықты бұзу, құқыққа сыйымсыз жолмен ақпаратқа қол жеткізу фактілері бойынша 10 қылмысты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 300 мыңнан астам теңгені алдау арқылы иемденген 34 жасар петропавлдықты ұстады. Ер адам таныстарынан облыс орталығындағы бір тұрғынның анасына шетелде қымбат операция жасату үшін ақша жинап жатқанын естиді. Телефон арқылы хабарласып, клиника және дәрігерлермен байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге көмегін ұсынады. Осы мақсатта операцияға алдын ала төлем жасау керектігін айтады. Ал ақша карточкаға түскеннен кейін ер адам байланысқа шықпай қойған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде оны полицейлер ұстады. Қазіргі уақытта қала тұрғыны тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізілу үстінде.

Сондай-ақ, облыс полицейлері Петропавл қаласының тұрғындарына қатысты интернет-алаяқтық жасаған Алматы облысының 27 жастағы тұрғынын анықтады. Жарнама беру сайтында ол авто бөлшектерді сататыны туралы хабарландыру орналастырған. Кейін жеткізілім үшін алдын ала төлемді алып, байланысқа шықпай қояды. Күдіктінің жүрген жері анықталды. ҚР ҚК 190-бабы 2-б. «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығы Петр Климовтың айтуынша, «Контрафакт» республикалық операциясы тұрақты өткізіледі, оның мақсаты – ақпараттық технологиялардың көмегімен жасалған қылмыстарды ашу, ақпараттандыру және байланыс саласындағы криминалға қарсы тұру, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықты бұзуға қарсы күрес жөніндегі шараларды күшейту.

Полицейлер қаскөйлердің құрбанына айналмас үшін бірқатар тиімді кеңестерді естен шығармауды ескертеді. Мәселен, өздерін менеджер, банктің қызметкері немесе қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған тұлғалардан келіп түскен күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға қатысты бірден шешім қабылдап, үрейге бой алдырмау қажет.

«Хабарласып тұрған адамға бәрін егжей-тегжейлі ойластыру үшін қосымша уақыт керектігін айтқан жөн. Қандай жағдай болмасын, құпия мәліметті – ЖСН, PIN-код, банк картасын растайтын кодты, шоттың нөмірін, әлеуметтік желілердегі логин мен құпиясөзді ешкімге айтпау керек. Мәміле жасамас бұрын сайттағы хабарландыруды зерделеп, алдын ала төлем аударуға келіспеу қажет. Сондай-ақ, компьютер мен гаджеттерде вирусқа қарсы бағдарламаны орнатып, күмәнді файлдарды жүктемеген жөн. Бұдан бөлек, жеке мәліметті бөгде адамдардан қорғау мақсатында, смартфонға пароль орнатқан дұрыс», - деп атап өтті Петр Климов.

Жалпы екі күннің ішінде тәртіп сақшылары алаяқтықтық, авторлық және сабақтас құқықты бұзу, құқыққа сыйымсыз жолмен ақпаратқа қол жеткізу фактілері бойынша 10 қылмысты ашты.

Соңғы жаңалықтар