СҚО-да суық тигізгендер мен тұмау жұқтырғандардың саны артып келеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиялық маусым басталғалы жіті респираторлы вирустық инфекцияны жұқтырудың 11915 жағдайы тіркелсе, соңғы бірер аптада тұмау жұқтырғандардың саны 44-ке жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, суық тигізіп дәрігер көмегіне жүгінгендердің 68,6 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 19 пайызы - оқушылар. Алайда оқушылар арасында жіті респираторлы вирустық инфекцияны топтық жұқтыру анықталмағандықтан білім екемелерінде оқу процесі тоқтаған жоқ.

Тұмауға қатысты 307 сынама тексеріліп, соның 44-інде жұқпалы дерт зертханалық түрде расталды. Оның 5-еуі - «А» типті болса, қалған 39-ы - «В» типтес тұмау.

«Эпидемиялық маусым басталғалы бері тұмаудың 44 жағдайы анықталды. Оның 18-і - балалар арасында, 15-і - жүкті әйелдер арасында тіркеліп отыр. Осы 44 жағдайдың барлығында да науқастар тұмауға қарсы екпе алмаған. Бұдан басқа, соңғы бір аптаның ішінде жіті респираторлы вирусты инфекциялардың 1002 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың негізгі бөлігі -балалар», - деді СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Меруерт Атамбаева.

Былтыр жұқпалы аурумен күреске облыстық бюджеттен 52,5 млн астам теңге бөлініп, «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. 17 мыңнан астам бала және 44 мыңға жуық ересек адам екпе алды.

Тағы 1055 адам жұмыс берушінің есебінен, 10 адам өз қаражатына вакцина салдырды.



Соңғы жаңалықтар