СҚО-да сүт зауытында өнімді цифрлық таңбалау жүйесі сынақтан өткізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы сүт зауытында өнімді цифрлық таңбалау жүйесі сынақтан өткізілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаны қазақстандық «QR Trace» компаниясы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Қазақтелеком» компаниясымен серіктесіп, петропавлдық «МолПродукт» ЖШС базасында іске асырды.

«МолПродукт» ЖШС-дегі жаңғыртылған өндірістік желінің жұмысын көрсетуге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Қазақтелеком» АҚ-ның және «QR Trace» ЖШС өкілдері және қатысты.

АӨК саласындағы таңбалау жүйесін енгізу бойынша алғашқы пилоттық жоба Үкімет басшысының тапсырмаларын және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың 2020 жылғы 14 шілдедегі «Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау және қадағалау жобасын іске асыру туралы» кеңес хаттамасын орындау аясында жүзеге асырылды.

ЕАЭО-ның Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы ратификацияланған келісімге сәйкес, Қазақстан тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін іске қосты және интеграциялық процестер аясында тері бұйымдары мен темекі өнімдерін міндетті таңбалауды енгізді. Сонымен қатар, биыл республикада дәрі-дәрмектерді, алкогольді, аяқ киім мен сүт өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске қосылды.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тауарларды таңбалау мен олардың қадағалану жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі және 2022 жылдан бастап міндетті болады. Яғни, көрсетілген және қолдан жасалатын өнім түрлерінің QR-белгісі (Data Matrix) болмаса, биылдан бастап дайындаушы елден тыс жерлерде сатылмайды.

Таңбалаудың бірден бірнеше мақсаты бар. Бірінші кезекте бұл тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында тауарларды өндіру және оларды тасымалдау туралы мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету.

Штрих-кодта тауардың өндірістен дүкен сөресіне жеткенге дейінгі бүкіл тарихы жазылады. Мәселен, өндірілген орны мен күні, жарамдылық мерзімі, өнімді сауда кәсіпорындарына жіберу уақыты және тағы басқа да тауар туралы ақпарат қамтылады. Тұтынушы бұл ақпараттың барлығын бірден смартфонының көмегімен QR код (Data Matrix) арқылы оқи алады.

QR-кодтар (Data Matrix) тек тіркелген кәсіпорындарға ғана беріледі. Осылайша, жүйе контрафактілік тауарларды өндірушілердің сауда-логистикалық тізбегінен автоматты түрде өшіреді.

Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу бизнес үшін өте пайдалы және бірқатар артықшылықтары бар. Айталық, нарыққа жалған өнімдер шығаратын заңсыз тауар өндірушілермен бәсекелестік мәселесі шешіледі, логистикадағы шығындар азаяды, тауарларды есепке алу жеңілдетіліп, жеделдетіледі.

Жаңашылдықтың арқасында көлеңкелі экономиканың себеп-салдары қысқарады, адал еңбек ететін кәсіпкерлердің тиімділі артады және бюджет кірісі ұлғаяды. Сондай-ақ, салық түсімдерінің өсімі әлеуметтік міндеттемелерді орындауға ғана емес, бизнесті қосымша қолдауға да бағытталатын болады.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы таңбалаудың бірыңғай операторы – «Қазақтелеком» АҚ салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп тауарлардың кейбір топтары бойынша пилоттық жобаларды іске қосты. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы пилоттық жоба сүт өнімдерін өндірумен және экспорттаумен айналысатын «МолПродукт» ЖШС базасында іске қосылды. Бұл кәсіпорындағы таңбалау жүйесін «QR Trace» компаниясы техникалық серіктесі «Первый БИТ» ЖШС-мен бірлесіп енгізді.


Соңғы жаңалықтар