СҚО-да сұранысқа ие Қаражыра көмірінің бағасы арзандады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар арасында сұранысқа ие Қаражыра көмірінің бағасы бірден 1,5 мың теңгеге арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, шілде айында Қаражыра көмірінің тоннасы 17 мың теңге болса, бүгіннен бастап ол 1,5 мың теңгеге арзандады. Қазір көмірді облыс орталығындағы Береке ықшам ауданы, Ленинград көшесі, 116 мекенжайындағы теміржол тұйығынан 15 500 теңгеден алуға болады. Бұл жерде қатты отынның 700 тоннасы бар.

Халық арасында Шұбаркөл көміріне де сұраныс жоғары. Оның тоннасы 14 800 теңге тұрады. Жұмысшы кенті, Панфилов көшесі, 276 мекенжайында орналасқан теміржол тұйығында бұл көмірдің 700 тоннасы жатыр.

Мамандардың айтуынша, күзде қара отынның бағасы қымбаттамақ. Осыған орай алдын ала қамданып, көмір түсіріп алған абзал.

Жалпы СҚО-ға жылыту маусымына отыннан бөлек 410 мың тонна көмір қажет. Облыс бойынша көмір жеткізілетін 32 теміржол тұйығы бар. Тамыз-қыркүйекте тұрғындар үшін өңірге ай сайын 15 мың тоннадан жеткізіліп отырмақ.

Бұған дейін СҚО тұрғындарының теміржол тұйықтарына жеткізілген көмірді сол күні-ақ бір түйірін қалдырмай сатып алып кетіп жатқанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар