СҚО-да сұранысқа ие дәрі-дәрмектің 41 түрі бақылауға алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бүгін өткен онлайн брифинг барысында дәрі-дәрмекке қатысты мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі, сұранысқа ие препараттар бағасының негізсіз қымбаттау мәселесі ерекше бақылауға алынған. Оны әкімдік қана емес, күш құрылымдары да назарда ұстап отыр. Облыста мониторингілік топтар құрылды. Вирустық аурулар мен пневмонияның өршуіне байланысты сұранысқа ие 41 түрлі дәрі-дәрмек бақылауға алынды.

«Мониторингілік топтар дәріханаларды үнемі тексеріп отыр. Сондай-ақ Play Market арқылы Dari.kz мобильдік қосымшасына кіріп, тұтынушы дәріханадағы препарат бағасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген бағаға сай келе ме, жоқ па – тексере алады. Бірақ, министрлік дәрі-дәрмектің кей түрлеріне ғана бекітілген баға ұсынды. Сол себепті мониторингілік топтар жағдайды бақылауда ұстауы керек», - деді Құмар Ақсақалов.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құқық қорғау органдары алыпсатарлықпен айналысып жүргендерді анықтай бастады. Тексерулер СҚО-да жүріп жатыр.

«Бүгінде дәріханаларда ыстық түсіретін, қабынуға, вирустарға және бактерияларға қарсы препараттардың баламалары толып тұр. Стационарларда да қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті. «СК-Фармациямен» жұмыс жақсы жолға қойылған, енді олармен препараттарды алдын ала жеткізіп тұру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді СҚО әкімі.

Құмар Ақсақалов брифинг барысында медициналық қондырғылардың жетіспеушілігі мәселесіне де тоқталған еді.


Соңғы жаңалықтар