СҚО-да суға шомылу маусымында 12 адам ажал құшты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқару қызметі суға шомылу маусымын қорытындылады. Биыл өзен-көлдерде 12 адам суға ағып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, суға шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қажетті іс-шараларды ұйымдастырды.

«Суда жаппай демалу орындарында, сондай-ақ табиғи жағажайларда 50 бекет құрылып, қоғамдық 90 құтқарушы тартылды. Шомылуға тыйым салынған жерлерге арнайы белгілер, көрнекі стендтер орнатылды, сондай-ақ мектептерде жоспардан тыс 100-ге жуық ата-аналар жиналысы өткізілді.

1 маусымнан 31 тамызға дейін 24 адам құтқарылды, оның ішінде 16-сы бала. Өкінішке орай, облыстың су айдындарында барлығы 12 адам қаза болды, оның ішінде 6 адам суға шомылу кезінде, 3 адам балық аулау барысында және 3 адам судағы жазатайым оқиғалар салдарынан мерт болды», - дейді СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Мұрат Қанғожинов.

Қоғамдық орындарда болу ережесін бұзған 233 адамға 2 млн 941 мың теңгенің айыппұлы салынған. Тағы 163 адам «Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар