СҚО-да суға кеткен әйел мен баланы құтқарған шекарашы марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшісі Сергей Гайдай марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шараға департамент басшылық құрамы мен қызметкерлері, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев суға кеткендерді құтқаруға ойланбастан шешім қабылдаған Сергей Гайдайдың ерлігі мен батылдығын ерекше атап өтті.

«Сергейдің жасағаны ерлік. Оны қызметінен тыс уақытта жасады. Ол әйел адам мен оның баласына төнген қауіптен үрейленбей, бейжай қарамай суға секіріп, оларды жағаға шығарып, зардап шегушілерге қажетті алғашқы көмекті көрсеткен. Сергей Николаевич біз сияқты «Ар-намыс және борыш - Отанға қызмет ету» атты ұранмен өмір сүріп, қызмет атқарып жүрген азамат. Бүгін марапат өз иесін тапты», - деді Ерік Сарыбаев.null

Еске сала кетсек, оқыс оқиға мамыр айының соңында Ш.Уәлиханов ауданының Бидайық ауылында болды. 5 жасар Нұрәди Жетпісов пен оның анасы Махаббат көпір арқылы өзеннің ар жағына өтпек болған. Алайда бүлдіршін суға құлап кеткен. Баласын құтқарамын деген анада артынан өзенге секірген. Ол жердегі судың тереңдігі 2-3 метр екен. Жүзу білмегендіктен екеуі бірдей бата бастаған. Сол маңға балық аулауға келген ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшісі Сергей Гайдай айқайды естіп, ана мен балаға көмекке келген. Ол ойланбастан, анасы мен баласын құтқару үшін өзенге секірген. Шекарашы Махаббат Жетпісова мен оның есінен танып қалған баласын жағаға алып шыққан. Сергей Гайдай балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оған жасанды демалыс пен жүрегіне массаж жасап, бетін бері қаратыпты.

Сергей Гайдай ҚР Ішкі істер министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар