СҚО-да суға кете жаздаған 20 адам құтқарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Жедел құтқару жасағының қызметкерлері 4 күн ішінде Солтүстік Қазақстан облысының 20 тұрғынына көмек көрсетті. Олар үшін осы жолғы шомылу соңғы болуы мүмкін еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиғалардың бірнешеуі үрлемелі матрастардың кесірінен бола жаздаған. Пестрое көлінде үш еркек пен бір әйел матрастың үстіне мініп, судың қалқыма белгісінен ары асып жүзе берген. Қатты соққан жел мен толқындардың ағынынан матрас судың терең жерінде аударылып түскен. Өңірде дәл осындай жағдай 39 жастағы ер адам мен 14 жастағы жасөсіпірімнің басынан өткен.

«Шомылған кезде үрлемелі матрастарға сенудің қажеті жоқ. Олар суда демалуға арналмаған», - деп ескертеді құтқарушылар.

Дәл осы Пестрое көлінде 4 жігіт катамаранға отырып, қалқыма белгіден ары асып жүзіп кеткен. Алайда өз беттерімен кері қайтуға шамалары жетпеген. Келесі күні 13 және 14 жастағы жасөспірімдер тап осындай жағдайға кез болған.

Есіл өзенінің қалалық жағажайында тағы да 6 адам құтқарылды. Келіншек желмен ұшырып әкеткен матрасқа жетемін деп, әлін ескермей, суға бата бастаған. Қаланың тағы бір тұрғынының суда аяғы тартылып қалған.

Жылдың басынан бері құтқарушылар қаланың су қоймаларында 23 адамды ажалдан аман алып қалды. Олардың 5-і - балалар.

Соңғы жаңалықтар