СҚО-да су тасқынына әзірлік тағы пысықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО әкімдігінде көктемгі тасқынға дайындық барысы пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста бұл бағытта жұмыс жүйелі жүргізілуде. Барлық қызметтер жоғары дайындық режиміне көшті. Жылдам жұмыс істеу үшін 1,4 мың адам, 730 техника мен 353 мотопомпа әзірленді. Облыста былтыр су өткізгіш 20 құбыр салынды, биыл тағы 27-сі іске қосылады.

Елдімекендерден 800 мың тоннаға жуық қар шығарылды, автожолдарда 2 мың құбыр, сондай-ақ ауылдардың жанындағы су өткізгіш 2,3 мың құбыр тазартылды. Тоқсанға жақын елдімекеннің 400 шақырымдай аумағы қардан аршылды. Дегенмен, жұмыс әлі көп. Өңір басшысы ауылдардағы барлық үйлерді тексеруге тапсырма берді.

«Әкімдер жаяу жүріп өтсін. Әр үйді тексеру керек. Мереке күндері аудандарды араладым. Ауылдардағы көшелер бойында қар көп. Оны тазалап, суға жол беру керек. Барлық деңгейдегі әкімдердің жеке жауап беретінін ескертемін. Әр оқиға жеке қарастырылады. Барлық іс-шараларды алдын-ала жасап, су басу қаупін сейілтуге болады», - деді Құмар Ақсақалов.

СҚО әкімінің айтуынша, Петропавлдың шеткері аудандарында суды сору жұмыстарына қарқын қосу қажет.

«Жұмысшы кентінде кәріздік жүйе тек орталық көшелерде тазартылған. Тұрғындардан шағын аудандарда суды сору жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейтіні туралы шағымдар түсуде. Осыған орай, жеке кәсіпорындармен келісім-шартқа отыруға тапсырма беремін», -деді облыс әкімі.

Мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың аумақтарында да қар баршылық. Құмар Ақсақалов қар шығару жұмыстарына қосымша күштерді тартуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар