СҚО-да су басу қаупі бар ауыл тұрғындары басқа жерге көшірілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-ның Уәлиханов ауданындағы су басу қаупі бар Қаратал ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қаратал ауылының тұрғындары эвакуациялық бекет - Қулыкөл ауылындағы мектепке уақытша орналастырылды.

Бүгінгі таңда Қулыкөл мен Қаратал арасын жалғастыратын жолды су шайып кетті. Ауыл тұрғындарының айтуынша, төтенше жағдай бұл ауылдарда соңғы рет осыдан 5 жыл бұрын болыпты. Ол кезде қызыл су толығымен ауылға кірген екен.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов үшінші күн су тасқыны болуы мүмкін қауіпті аумақта жүр. Өңір басшысының жетекшілігімен құрылған арнайы штаб апатты болдырмау үшін тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Құмар Іргебайұлы барлық қызметтердің жетекшілерімен жиналыс өткізіп, жағдай бақылауда екенін жеткізді.

«Тиісті қызметтермен бірге барлық қажетті іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Бүгінгі күні осы екі ауылдың тұрғындарына ешқандай қауіп жоқ. Екі күн бойы Сілеті су қоймасынан секундасына 574 текше метр су кетіп жатыр. Бірақ та бүгіннен бастап, судың сәл ғана төмендеуін көріп отырмыз. Барлық қажет етінін шараларды қолданып жатырмыз», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, мал-мүлкіне келер қауіп жоқ. Жағдай толық бақылауда.

Соңғы жаңалықтар