СҚО-да спорттың бірнеше түрін меңгерген келіншек енді мұздай суға шомылуды әдетке айналдырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Асылгүл Амангелдинова «өнерді үйрен де жирен» деген ұстаныммен өмір сүреді.

Спорттың бірнеше түрін жақсы меңгерген 30 жастағы келіншек бүгінде керлингтен аудандық құраманың мүшесі. Ал үш жылдан бері мұздай суға шомылуды әдетке айналдырған.

Саламатты өмір салтын жанына серік еткен өңір тұрғынын ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.

Керлинг қандай спорт түрі, СҚО-да ол дамыған ба?

Керлинг Шотландияда пайда болған, бастапқыда оны фермерлер ойнаған екен. Гранит тастарды қатқан көл бетіне тастап, оны сырғанатып жарысқан. Командалық ойын, төрт ойыншысы болады. Көпшілік бұл спортты түсіне бермейді және бір қарағанда өте оңай сияқты көрінеді. Алайда бұл ойында да тактика керек. Мұз үстіне жіберілген тасты қарсы беттегі «үйге» неғұрлым жақындату керек. Ал ойыншылар тастың жолын тазалап, сырғуына жағдай жасайды. Ептілікті, дәлдікті, айла-тәсілді қажет ететін спорт. Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Спорттың бұл түрі біздің облыста соңғы кездері ғана дами бастады деуге болады. Қазір жастар арасында кең таралып келеді. Жақында жылдың алғашқы жарысы өтпек. Петропавлда Сенная базада арнайы мұз алаңымыз бар. Керлингке арналған мұз алаңы ерекше әдіспен құйылады, оның үсті бөртік болып келеді. Мен Қызылжар ауданы құрама командасының мүшесімін. Нәтижеміз жаман емес, жылда жүлделі орындарды алып жүрміз. Жалпы өзім облыстық турнирде қола жүлдегер атандым.

Жалпы спортқа қалай және неше жасыңызда келдіңіз?

Спортқа бала кезімнен әуеспін. СҚО Жамбыл ауданында мектепте дене шынықтыру пәнінен Сәлімбай Ерікбайұлы Сәдуев деген ағайымыз берді. Сол адамның арқасында спорттың барлық түрін жақсы меңгердім. Қайда, қандай жарыс болса, ағайымыз соған алып баратын. Баскетболдан, волейболдан аудандық жарыстарды қалдырмаймыз. Ал футболдан аудан құрамасында болдым. Жеңіл атлетикамен айналыстым, бес асық ойнаймын. 6-7 сыныпта оқып жүргенімде ересектердің қатарында спорт мейрамы – «Ақ бидайға» қатыса бастадым. Велосипед тебемін, мылтық ату спорты да ұнайды.

Сіз экстремалды суға түсумен де айналысады екенсіз, қашаннан бері ?Алғаш рет мұздай суға түскеніңіз есіңізде ме, қандай әсер алдыңыз?

Мұздай суға шомылуды үш жыл бұрын бастадым. Оған ойда-жоқта келдім. Сол жылы қараша-желтоқсан айының бір күні спорттағы Арман деген әріптесім челленджге қатысуға шақырды. Мен қолдау білдіріп, сол жолы алғаш рет мұзды суға түстім. Ең бастысы іштегі қорқынышты жеңе білу қажет. Алдын-ала дайындығым болған жоқ, бірақ қазір «морж» болғысы келетіндерге бұған әзірлікпен келуге кеңес берер едім. Ең алдымен салқын сумен құйынудан бастау керек. Сондай-ақ күн қатты суымай тұрғанда, күзде шомылуды әдетке айналдырған дұрыс. Қатты тоңуға болмайды. Сосын «морждар» міндетті түрде кемінде аптасына бір рет суға шомылуы тиіс. Ал мұздай суға шомылғаннан алған әсерді сөзбен айтып жеткізгісіз. Өзіңді жеңіл сезініп, бойыңды қуаныш кернейді. Денсаулыққа да пайдасы зор, иммунитет көтеріледі. Мен қазір әртүрлі вирустық аурулармен, тұмаумен ауырмаймын. Өзімді қашанда жақсы сезінемін. Бүгінде облыстағы «морждар» клубына мүшемін. Ол жерде мен сияқты қыз-келіншектер көп, араларында тіпті балалар да бар.

Отбасыңыз туралы айтсаңыз...

Жақында, желтоқсанның 31-і күні тұрмысқа шықтым. СҚО Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылына келін болып түстім. Жарым да спортқа жақын, сондықтан қызығушылығымыз бір. Жолдасыммен табыстырған да спорт. Биыл жазда Ақтау қаласына республикалық «Ақ бидай» ойындарына барып, сол жақта таныстық. Енді бірер күнде қайын жұртымның жағына жұмысымды ауыстырамын, керлингтен ауданның құрама командасына ендім.

Сіздің республикалық телеарналардың бірінде өткен интеллектуалдық ойына қатысқаныңызды білеміз. Осылайша өзіңіздің білімнен де құралақан емес екеніңізді көрсеттіңіз.

«Жүзден жүйрік» интеллектуалдық ойынына қатысуға шақырған хабарландыруды әлеуметтік желіден көрдім. Қатысу үшін 15 сұраққа жаңылмай жауап беру керек екен, тапсырманы орындап, жолдама алдым. Қазақстанның әр жерінен келген екен ойынға қатысуға, бәрі кіл мықтылар, тарихшылар, тіл мамандары. Сол жолы бағдарлама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Сұрақтар қиын болды деп айтпаймын, басым бөлігі мектеп бағдарламасынан алынған, яғни мектепте алған білімім көмектесті. Негізінен елдің тарихына байланысты сұрақтар қойылды. Оны әр азамат білуге міндетті деп ойлаймын.

Қолыңыз боста немен айналысасыз?

Шынымды айтсам, бос уақытым жоқ. Қаңтар айынан тамызға дейін жарыстар басталады. Аудандық, облыстық, бір жылдары республикалық сайыстарға қатыстым. Аптасына екі-үш рет волейбол ойнаймыз. Қолым босаған күннің өзінде белсенді демалысты ұнатамын.

Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар