СҚО-да сотталған қыз-келіншектер қар қалашығын салып шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС – 164/6 мекемесінде жазасын өтеушілер қар қалашығын салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС – 164/6 мекемесі – әйелдер колониясында сотталғандар жаңа жылды мерекелеуге дайындықты желтоқсан айында бастаған. 3 жасақта жазасын өтеп жатқандар жатақханаларды безендіріп, мерекелік концерттік бағдарлама әзірледі. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлері бар қар қалашығын салып шықты. Мұнда түрлі 20 шақты мүсін бар.


«Қалашықты алдымен қардан жасалған кірпіштермен қоршады. Әйелдер жаңа жылдың иесі – сиырдың мүсінін жасады. Төрге Аяз Ата мен Ақшақарды отырғызып, басқа да ертегі кейіпкерлерінің, жануарлардың қар мүсіндерін істеді. 3 жасақтың әйелдері арасында осылайша байқау ұйымдастырылды. Сондай-ақ олар шағын қойылымдарын әзірледі», - дейді СҚО ҚАЖД бастығының орынбасары Данияр Харипов.


Жаңа жылдық кешке қыз-келіншектер дайындалып, костюмдер де тіккен екен. Ал «Белоснежка және 7 гном» ертегісіндегі басты кейіпкер - Белоснежканы жасақтағы ең бойы ұзын әйел ойнады.

Байқаудың қорытындысы бойынша 1 жасақ бірінші орынды алды.

«Мұндай мерекелерді ұйымдастырудың тәрбиелік және психологиялық мәні зор. Ал жаңа жыл ерекше мереке ғой, қыз-келіншектер оған бір ай дайындалды, ешқайсы шет қалмай шығармашылық әлеуетін көрсетті, ерекше идеялар ұсынды», - дейді Данияр Харипов.


Соңғы жаңалықтар