СҚО-да соңғы жылдары өнеркәсіптің бес саласында 15 түрлі кәсіпорын ашылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының өңдеу өнеркәсібінде соңғы бес жылда кәсіпорындар саны 25 пайызға артқан. Тоқырау жылдары жалпы аумағы 300 мың шаршы метр болатын нысан бос қалса, осы аралықта оның 67 пайызы қайта жаңғырып, жаңа өндіріс орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде өнеркәсіптегі инвестициялық жобаларға арналған жиын өтті. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың айтуынша, соңғы үш жылда облысқа 850 млрд теңге инвестиция тартылды. Осылайша 2018 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 1,5 есеге өскен.

«2018 жылы инвестиция көлемі өңірде бір адамға 384,8 мың теңге болды. Республикадағы көрсеткіш 611,7 мың теңге еді, айырмашылық - 60 %. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті өңірде 616,5 мың теңгеге жеткіздік. Республикада - 696,9 мың теңге, яғни айырмашылық 13 % ғана. Ал шетелдік инвестиция осы аралықта 32 есе өскен, 2018 жылы 1,5 млн АҚШ доллары болса, биылғы жарты жылда ол 47,8 млн долларға жетті», - дейді Құмар Ақсақалов.

Өнеркәсіп кәсіпорындары сыртқы сауданы да оң жолға қойған. 2018 жылдан бері экспорт көлемі 2,3 есе артып, 110 млн долларға жетіп отыр.

«Кезінде көптеген зауыт-кәсіпорындар тоқтап, ғимараттары босап қалды. 5 жыл бұрын ревиция жүргізіп, осындай 300 мың шаршы метрдің жай тұрғанын анықтадық. Біз оларды жөндеп, жаңа жобаларды іске асырып жатырмыз. Қазіргі уақытта 67 % іске қосылды. Ал инвестициялық жобаларды іске қосудың берері көп, бұл жаңа жұмыс орындары, салық түсімдерінің артуы және өңір тұрғындарының жағдайы жақсарады», - дейді СҚО әкімі.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биылғы 9 айда 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орыны құрылды, 23 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Салық түсімі 36,4 %, зейнетақы қорына аударымдар 25,7 % артқан.


Соңғы жаңалықтар