СҚО-да соңғы үш жылда полицияның жеті қызметкері «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті 85 қызметкерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты шара мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімінен басталды.

«Мемлекетіміз бейбіт өмір мен азаматтардың тыныштығын, қауіпсіздігін және олардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, басты міндеттердің бірі халық пен құқықтық тәртіпті сақтайтын органдардың арасында сапалы қарым-қатынасты қалыптастыру. Азаматтардың сенімінсіз бәсекеге қабілетті мемлекет құру мүмкін емес. Сіздер қызметке қабылданған сәттен бастап, өміріңіз бен денсаулығыңызды бәйгеге тіге отырып, Тәуелсіздігімізді нығайтуға қомақты үлес қосып келесіздер. Тек өз елінің патриоты ғана өзге жандардың мүдделерін қорғауға дайын. Біздің облыстың полиция қызметкерлері бойында осы қасиеттердің барына сенімдімін. Батылдық пен ерлік мемлекет басшылығымен жоғары бағаланады және азаматтардың тарапынан құрметке лайық. Бұл жас қызметкерлер үшін борыш пен антқа адал болудың жарқын үлгісі. Қазақстан полициясы қызметкерлерінің тәрбиелеп өсірген ардагерлерге, олардың адал еңбегіне ерекше алғыс білдіргім келеді», - дейді мерекелік іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев.

Ол құқықтық тәртіпті сақтауда ерекшеленген қызметкерлерге облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың марапаттарын табыстады. Құрмет грамотасы Петропавл қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықовқа табыс етілді. Ол қызмет атқарған жылдары мыңнан астам қылмысты ашып, жүздеген адамға жоғалтқанын қайтарып қана қоймай, сенім мен әділдікті, заңның үстемдігін көрсете білді.

Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев мемлекеттік мерекемен құттықтай отыра, солтүстікқазақстандық полицейлер алдағы уақытта да құқықтық тәртіпті сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарады деп сенім білдірді.

«Бүгінгі таңда қатарымызда мемлекеттік наградаларға лайықты қызметкерлер баршылық. Соңғы үш жылдың ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен біздің 7 қызметкеріміз «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды», - деп ведомство басшысы атап өтті.

Музыкалық сүйемелдеумен марапаттауға сахнаға 55 полицей және ардагер көтерілді. Жеті офицер мен сержант мерзімінен бұрын және кезекті атақтарына ие болды. Мерекелік бұйрықпен барлығы 85 полицей марапатталды. Салтанатты іс-шара ведомствоның мәдени орталығының концерттік бағдарламасымен ұласты.

Соңғы жаңалықтар