СҚО-да соңғы екі аптада КВИ жұқтыру 6,7 есе артқан
2022 жылғы 28 қаңтар 14:31

СҚО-да соңғы екі аптада КВИ жұқтыру 6,7 есе артқан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны соңғы екі аптада 6,7 есе өсті, 14 күнде 2817 адам ауырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, облыста 14 қаңтардан бастап эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлаған. Соңғы екі аптада аурушаңдық 6,7 есе, 416-дан 2817-ге дейін өсті. COVID-19 бойынша жағдай барлық ауданда тұрақсыз. Мәселен Айыртау ауданында 23 есе, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 20 есе, Уәлиханов ауданында 17 есе, Тимирязевте 14 есе артқан.

Ең көп 19-бен 39 жастағылар жұқтырған, олардың үлесі – 43 %. 60 және одан жоғары жастағылардың 18 %-ы ауырған.

«Жіті респираторлы вирустық инфекция мен тұмаудың маусымдық өсуі де жағдайды ушықтырған. Эпидемиологиялық маусым басталғалы, яғни қазан айынан бастап өңірде 19 182 адам ЖРВИ-мен ауырған, өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда аурушаңдық 36 %-ға артқан. 35 адамда А типті тұмау расталды, былтыр тұмаумен аурудың бір де бір жағдайы тіркелмеген еді», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Өңірдің бас санитар дәрігерінің айтуынша, 270 582 адам толық вакцинациядан өтті, бұл екпе алуы тиіс тұрғындардың 73 %-ы. 64 184 адам ревакцинациядан өткен, жоспардың 52 %-ы ғана.

Ал Pfizer вакцинасымен 10 101 адам егілді, Оның 8 мыңға жуығы – жасөспірімдер, 2 мыңға жуығы – емізулі баласы бар келіншектер, 301-і – жүкті әйелдер. Әзірге осы санатқа жататын, вакцинациядан өтуі тиіс адамдардың тек 23,4 %-ы ғана екпе салдырды.


Jańalyqtar

MURAǴAT