СҚО-да соңғы екі аптада КВИ жұқтыру 25 пайызға қысқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық ахуал жақсарды, коронавирусты күнделікті жұқтыру жағдайлары 25 пайызға қысқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық әкімдіктің отырысында СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов коронавируспен ауырғандар санының кемігенін айтты. Оның айтуынша, қазір 298 сырқат стационарда ем қабылдап жатыр. Мәселен 20 қарашада ауырып жатқандар саны 677 болған. Бүгінде стационарлар 18 %-ға жүктелген. Реанимациядағы ауыр науқастардың саны азайған, ол 27 %-ға ғана толық. Жансақтау бөлімшелерінде стационарлық емдеуде 32 сырқат бар. Жалпы бүгінгі күні 3468 адам емделіп, дәрігерлердің бақылауына алынған. Соның ішінде 3170 адам үй карантинінде жатыр. Олардың жартысында ауру белгілері болмаса, қалғанында жеңіл өтіп жатыр.

«Өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан науқастардың саны 30-дан 14 адамға дейін, өте ауыр 11-ден 6-ға дейін қысқарды. Бұдан басқа, тұрақты түрде медициналық оттекті қажет ететін стационарлық сырқаттардың саны 80 %-дан 60 %-ға дейін төмендеді. 20 қарашада 396 науқас оттегіге қосылған болса, 21 желтоқсандағы жағдай бойынша олардың саны 196-ға дейін қысқарды. Желтоқсан айында жұқпалы аурулар ауруханаларына тәуліктік госпитализация 2,5 есеге төмендеді және орташа есеппен 25 науқасты құрады», - дейді Нұрлан Айманов.

COVID-19 бар амбулаториялық науқастарды анықтау, тексеру және емдеу бойынша медициналық 68 мобильді бригада жұмыс істейді. Оның 16-сы облыс орталығында, қалғандары ауылдық жерлерде. Пандемия басталғалы бригадалар 75 948 шақыртуға шыққан. Жедел жәрдем қызметін шақырулар саны 12 %-ға 450-ден 400-ге дейін төмендеген.

Жалпы СҚО-да індет басталғалы КВИ жұқтырудың 34 400 жағдайы тіркеліп, 30 771 адам тәуір болды.


Соңғы жаңалықтар